
Атырауда жер сілкінісі болды ма?
Бүгін, 10 сәуірде Астана уақыты бойынша түнгі 01:40-та Атырау облысының Құлсары қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 120 шақырым қашықтықта жер сілкінісі тіркелді деген ақпарат тарады. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Деректер орталығы хабарлады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы ғылыми зерттеу институтының мәліметіне сәйкес, сілкініс эпицентрінің координаттары – 45.95° солтүстік ендік пен 54.28° шығыс бойлық. Жерасты дүмпуінің магнитудасы mb=4.3 болса, энергетикалық класы К=9.1 деп бағаланған.
Алайда Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері бұл ақпаратты растамай отыр. Олардың мәлімдеуінше, республика Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Сейсмология институты бұл уақытта ешқандай жер сілкінісін тіркемеген.
Осылайша, екі түрлі дерек көзі арасында қайшылық туындап отыр. Бұл жағдай халық арасында алаңдаушылық туғызып, қай ақпаратқа сенуге болатыны жөнінде орынды сұрақтар туындап жатыр.
Мұндай деректерге қатысты нақты қорытындыны бірнеше зерттеу мекемесінің мәліметтерін салыстыру арқылы ғана жасауға болады. Сондықтан ресми органдардан толыққанды ақпарат күтеміз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сурет: kndc.kz