
Атырауда жазғы лагерьлер жұмысын бастады
Облыста балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында облыстық мектеп жанынан 167 лагерь ашылып, онда 10 мыңға жуық бала өз уақыттарын пайдалы өткізеді, — деді Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қаладағы №50 «Жайлы мектеп» жанынан ашылған «Жайлы Camp» жазғы сауықтыру лагері де өз жұмысын бастады. Мұнда бастауыш сыныптан 50 оқушы қамтылған.
–Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған. Лагерьде жұмыс істеп жатқан тәрбиешілер – білікті мамандар. Олар оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, түрлі танымдық, спорттық және мәдени шаралар өткізіп келеді, — деді «Жайлы Camp» лагерінің басшысы Құрмангүл Ахмедьярова.
Лагерь қызметі белгіленген заңдылықтар негізінде ұйымдастырылған. Балалар көпбалалы, аз қамтылған, күнкөріс деңгейі төмен отбасылардан, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан іріктеліп қабылданған.
–Жаңадан ашылған лагерьге қатысып жатқаныма қуаныштымын. Маған өте ұнады! Тамақтары дәмді, тәрбиешілер мейірімді. Көп дос таптым. Күн сайын түрлі концерт пен спорттық ойындар өткізіледі. Мұнда әр күн ерекше, — деді оқушы Айзере Аманқос.
Айта өтейік, облыс бойынша 5-10 сынып оқушыларына арналған 560 бейіндік лагерь жұмыс істейді.