Жарнама
Жаңалықтар

Жазасын өтеушілер арасында байқау өтті

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұйымдастыруымен он саусағынан өнер тамған жазасын өтеушілер арасында байқау өтті. 

Аталған шара сотталғандарда эстетикалық талғам және табиғат сұлулығы, өнер, әдебиет, кескіндеме шығармашылықтары жөнiнде түсiнiктердiң дамуына ықпал етуді көздейді.

«Үміт-2023» көрме-байқауына қолөнер шеберлерінің «Босатылғаннан кейін» картинасы, ағаштан жасалған кеме, шахмат-нарды, ас үй жиынтығы, көрпе-көпшік, сандық-қобдиша, тоқылған және тігіншілердің қолынан шыққан бұйымдар ұсынылды. Қатысушылардың гипстен, ағаштан, матадан, макет түрінде және басқа да заттардан дайындаған туындыларын Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Данияр Баятанов төрағалық еткен қазылар алқасы сарапқа салды.

Әділқазылар назарына ұсынылған әрбір туындының мазмұны ерекше. Онда жазасын өтеушілердің бостандықты аңсайтыны анық аңғарылады. Әсіресе, түрмеден шыққан күйеуін қарсылап тұрған балалы келіншек бейнеленген сурет көңілге мұң ұялатты.

– Байқау қатысушыларына қолөнермен айналысуға мүмкіндік берілді. Жаза басқан тағдыр иелері тырнақалды туындыларын жасауға 1,5-2 айдай уақыт жұмсады. №15 мекемеден 9 сотталған – 11 бұйыммен, №79 мекемеден 14 сотталған – 21 бұйыммен қатысты. Айта кетейін, әділқазыларға үздігін таңдау қиындау болды. Көрмеге қойылған әр заттан бас бостандығынан айырылған жанның өкінішін, өнер арқылы ішкі жан-дүниесін көрсеткісі келгенін байқауға болады, — дейді ҚАЖД бас маманы Альбина Исахатова.

Шара қорытындысында үздік жұмыстар өз бағасын алды. Сонымен, шебер №15 мекемеде жазасын өтеуші О.Миссеровтың алып ағаш кемесі I орынға лайықты деп танылды. Жеңімпаз қолөнер бұйымы республикалық байқауға жолдама алды. Сондай-ақ, №15 мекемеде жазасын өтеуші А.Расуловтың «Сандық жиынтығы» – II орынды иеленсе, №79 мекемеде жазасын өтеуші А.Жакулаева тіккен қазақ қызының ұлттық киіміне – III орын бұйырды.

Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы берiледi. Ал, көздің жауын алатын бұйымдардың барлығы балалар үйлеріне қайырымдылыққа таратылады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button