Жарнама
ЖаңалықтарСаясатЭкономика

«Қазақстанның үздік тауары»: аймақта ең үздік тауарлар анықталды

Atr.kz/16 маусым, 2019 жыл. Атырауда аймақтың үздік тауары анықталды.

Бұл жолы тауарлардың көрме-конкурсына жергілікті 70 тауар өндіруші компаниялар қатысты. Көрме жұмысына арнайы келген Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов аталмыш байқауға қатысушылар санының жыл сайын артып келе жатқандығын атап өтті.

«Мәселен, көрмеге өткен жылы жергілікті 40 тауар өндіруші қатысқан болатын. Бүгінде қатысушылар саны екі есеге жуықтап көбейіп отыр. Және тауар ассортиментінің әркелкілігін де атап өткен жөн» деді ол. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Атырау облыстық өкілдігінің директоры Абдолла Ыдрысовтың айтуынша, тауар өндірушілер арасында азық — түлік, жеңіл өнеркәсіп, мұнай секторы, қолданбалы өнер, тұрмыстық химия салалары да бар. «Бастысы, тауарлар сапа жағынан ірі өндірушілерден кем түспейді» деді спикер. «Қазақстанның үздік тауары» көрме — конкурсына келген қатысушылар осылайша, жергілікті тауарлармен танысып қана қоймай, оларды қолжетімді бағада сатып алу мүмкіндігіне де ие болды. Көрме-конкурсты арнайы құрылған комиссия қорытындылады.

IMG 20190615 WA0043

Осылайша, Атыраудың ең үздік тауарлары анықталды. «Үздік өндірістік тауар» номинациясымен бетон өнімдерін шығарып отырған «БатысАльянсСтрой» ЖШС, модульдік өнім шығарушы «Best Module» ЖШС, бетон, асфальт және битумды эмульсия шығарып отырған «Казахдорстрой» ЖШС марапатталды. «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша үздік деп танылғандар арасында ұлттық киім тігумен айналысып отырған «Оразбаева» жеке кәсіпкерлігі бар. Сонымен бірге, батик үлгісінде киім тігіп, көркем суреттерімен ерекшеленіп жүрген «Batik Kami» және ағаш өндіруші «Темірлан» кәсіпкерлігі үздік деп танылды. «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша, «Бейбарыс» кәсіпкерлігінің жайма наны, «Trans Tech International» ЖШС-нің ұн және макарон өнімдері, «Жемчужина профилакториі» компаниясының балық өнімдері үздік деп танылды. Енді «Атыраудың үздік тауарлары» деп танылған өндіруші тоғыз компания конкурстың Нұр — Сұлтан қаласында өтетін республикалық кезеңінде бақ сынасады.

Сіз не дейсіз?

Олег БАЛОГЛАНОВ,
«Дәулет нан» зауытының бас технологы:
Тауар ассортименті 141-ге дейін көбейді
Біздің зауытымыз 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бастапқыда біз нан өнімдерінің 50-60 түрін шығардық. Қазіргі уақытта тәулігіне 66 мың дана нан өндіріп отырмыз. Сонымен бірге, бүгінгі таңда тауар ассортименті 141-ге дейін көбейді. Яғни, нан, бөлке, кондитерлік бағыттағы өнім түрлері бар. Көрмеге жаңалық ретінде қызылша, асқабақтан жасалған нан түрлерін де алып келдік. Жаңа тауарларды тұтынушылар жақсы қабылдауда.

Игорь ТОЛСТОВ,
«Гурьевское» кір сабын шығарушы цех директоры:
Органикалық таза сабын шығарамыз
Тұрмыстық кір сабынды шығарып отырғаныма бір жылдан астам уақыт өтті. Негізгі шикізатымыз малдың және өсімдік майы. Біздің өніміміз органикалық тұрғыда таза. Сондықтан, сұраныс та жоғары болып отыр. Қазіргі уақытта «Дина» базары сынды көтерме сауда орталықтары тұрақты тұтынушыларымызға айналды.
Болашақта өндірісті кеңейту жоспарда бар. Ауқымды көлемдегі сұраныс Атырау аймағына қарасты аудандардан, Жаңаөзен, Ақтау қалаларынан да көп түсіп отыр. Осылайша, айына 5-8 тонна сабын өткізіп отырған жайымыз бар.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button