МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙМЕН…

Президент сайлауы күні №18 учаскелік сайлау учаскесіне барғанымызда халықтың зор саяси белсенділігін көрдік. Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Гүлшат Хасанның айтуынша, бір сағат ішінде 312 адам дауыс беріп үлгеріпті. Бұл учаскеде барлығы 1192 сайлаушы бар.

– Сайлау учаскесі өз уақытында ашылды. Заңдылыққа сәйкес, барлық рәсім жасалды. Әнұран орындалып, байқаушылардың қатысуымен дауыс беру бюллетеньдері салынатын жәшіктер тексерілді. Арнайы тақтаға түсіндірме материалдары ілінді. Жалпы, сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары. Халықтың көңіл-күйі де жақсы, – дейді №18 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы.

Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі басты оқиғаға жұртшылықтың ынтасы ерекше. Оны сайлау учаскесінде болғанымызда өзіміз де байқадық. Тұрғындар отбасымен бірге келіп, өз таңдауларын жасап жатыр. Аталған учаскедегі ең жас сайлаушы – Ақырыс Қалиева, қарт сайлаушы, Отан соғысының ардагері Олжабай Ошақов болды. Майдангерге өз таңдауын жасау үшін арнайы жылжымалы сайлау жәшігі апарылады екен. Дауыс берудің барысын мұнда Н.Назарбаев штабының, ҚР-ғы сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясының, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының өкілдері байқаушы ретінде қадағалап отырды.

№35 мектеп-гимназиядағы №26 сайлау учаскесіне келген халықтың қатары тіптен қалың көрінді. Оқу орнының дәлізінде сайлаушылар дауыс беру үшін кезекке тұрды.

– Тұрғындардың көптігін өзіңіз де байқап тұрған шығарсыз. Қазір сағат 11.05-те сайлаушылардың 400-і дауыс берді, – дейді №26 учаскелік сайлау  комиссиясының төрайымы Айгүл  Каришева.

Бұрын сайлау учаскесіне ең бірінші болып келген адамға айрықша құрмет көрсетілетін. Осынау игі дәстүр №26 сайлау учаскесінде де өтті. Жұрттың алды болған Досан Салимовке Абайдың өлеңдер жинағы ұсынылыпты.

Саяси ауқымды шара №17, 19, 20, 27 сайлау учаскелерінде де жоғары деңгейде өтті. Мәселен, №17 сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың саны 2756-ны құрайды. Мұнда 18 жасқа толған 239 жас ең алғаш рет өзінің конституциялық құқығын пайдаланды. Ал, Еркінқала орта мектебінде орналасқан №20 сайлау учаскесінде 1916 адам сайлаушы ретінде тіркелген. Сайлау күні мектеп оқушыларының «Көңіл ашар» үйірмесінің концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылды, жәрмеңкелер ұйымдастырылды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз