Атырауда жас сардарлар сапқа тұрды (+ФОТО)
Atr.kz/ 12 сәуір, 2019 жыл. Атырауда 11 сынып оқушылары арасында «Сардар» облыстық кешенді олимпиадасының шешуші кезеңі өтті. Оған аудандық байқауда жеңіске жеткен жеті команда қатысты.
Салтанатты шараны құттықтау сөзбен ашқан Жамбыл атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Жорғатай Салихов жас қырандарға сәттілік тіледі.
Әскери қызметке қызығушылық танытатын дарынды оқушыларды анықтау, қолдау және дамыту, әскери білімнің беделін көтеру мақсатында ұйымдастырылған кешенді олимпиада 2 турдан тұрды.
Алғашқы теориялық турда қатысушылар математика, физика, Қазақстан тарихы, қазақ және орыс тілдері мен алғашқы әскери дайындықтан тест тапсырса, тәжірибелік турда олар алғашқы әскери дайындық пен дене шынықтырудан нормативтер тапсырды. Олимпиадаға қатысушылардың еңбегін құрамына облыстың білім саласының өкілдері енген әділқазы алқасы бағалады.
Байқау нәтижесінде жүлделі I-орын – облыстық «Дарын» мектебіне, II-орын – Махамбет ауданынан «Береке» орта мектебіне, ал III-орын – Атырау қаласындағы Ломоносов атындағы мектепке бұйырды. Сонымен қатар, қазылар алқасының шешімімен пәндердің біреуі бойынша анағұрлым бес үздік нәтиже көрсеткені үшін Дарын Биязов, Абылай Алпамысұлы, Әліби Мардан алғысхатпен марапатталды.
Енді жеңімпаз атанған «Дарын» мектебінің командасы облыс намысын қорғауға Нұр-Сұлтан қаласында сәуір айының 17-19 аралығында өтетін «Сардар» республикалық кешенді олимпиадасына аттанады.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА