Атырауда жас дәрігерлердің батыс аймақтық форумы өтуде
Atr.kz/28-ақпан, 2019 жыл. Атырауда медицина саласының жас буын өкілдерінің қатысуымен «Белсенді жастармен – жарқын болашаққа!» атты батыс аймақтық жастар форумы өтуде.
Екі күнге жоспарланған форумның алғашқы кезеңі мотивациялық сессия түрінде өтті. Жиынға «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дүйсенов модераторлық етті.
Одан әрі шара секцияларға бөлініп, семинар-тренингтерге жалғасты. «Батыс Қазақстан өңіріндегі транспотологияның дамуы» тақырыбындағы дәрісті Ақтөбе медициналық орталығының жансақтау қарқынды емдеу бөлімінің дәрігері Ақтілек Сәрсенов жүргізді. Ақтау қалалық №1 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Әсем Сұлтанбекова қант диабеті ауруы туралы дәріс өткізді. Батысқазақстандық жалпы тәжірибелік дәрігер Жазира Ережепова тренингке қатысушыларға созылмалы жүрек жеткіліксіздігі туралы кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ, медицинадағы цифрлық технологияны дамытуда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында батыс аймағының денсаулық сақтау саласын цифрландыруда атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Бір-бірімен өзара тәжірибе алмасқан жас дәрігерлер «Жас келсе іске» тақырыбында көңілді тапқырлар клубында өз өнерлерін көрсетіп, жаңа қырларымен танылды.
Форумның екінші кезеңі бүгін бейсенбіде жалғасып, қорытындыланды. Белсенділік танытқан жас дәрігерлер арнайы марапаттармен марапатталады. Аталған форум ендігі уақытта Қызылорда, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстарында жалғасын табады. Маусым айында Астана қаласында республикалық көлемде өткізіледі.
Еске сала кетелік, «APEC PetroTechnic» жоғары колледжінінде ұйымдастырылған басқосуды «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы қолға алды.
Елдос ЗҰЛҚАШЕВ,
Атырау облыстық балалар ауруханасының хирург-дәрігері:
Алты жылда екі мың ота жасадым
2013 жылдан бері облыстық балалар ауруханасында еңбек етудемін. Өңірдің ең кішкентай тұрғындарының дертіне дауа іздеп, олардың сырқатына араша болып жүрміз. Бүгінге дейін екі мыңға жуық балаға ота жасадым. Десек те, қашан да сабырлық пен төзімділікті талап ететін бұл мамандықтың әлі мен үйренер қыр-сыры көп. Сондықтан, білімді ұдайы жетілдіріп отыру – бізге парыз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА