
Атырауда “Жаңғыру” оңалту орталығы ашылды
Атырау қаласында тәуелділіктің түрлі түрлерімен күресіп жүрген жандарға үміт сыйлайтын жаңа орталық – “Жаңғыру” оңалту орталығы өз жұмысын бастады. Бұл орталық – ішімдік, есірткі, құмар ойындар сынды зиянды әдеттердің құрбаны болған азаматтарға өмірге қайта оралуға көмектесетін бірегей бастама.

Орталықтың ерекшелігі – оның негізін қалаушысы, жетекшісінің өзі осы ауыр жолдан өткен жан. Басшы Асқар Ізбасаров бірнеше жыл бойы лудомания, яғни құмар ойынға тәуелділікпен күресіп, жеңіп шыққанын айта келе енді ол өмірлік тәжірибесін пайдалана отырып, дәл осындай тығырыққа тірелген замандастарына көмек көрсетуді мақсат етіп отыр.

— Мен бұл жолда жалғыз болмадым. Маған сенгендер мен қол ұшын созғандар болды. Енді мен де өзгелерге көмектесіп, оларды тығырықтан шығарғым келеді, — дейді орталық басшысы.

“Жаңғыру” орталығы 20 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда білікті психологтар мен заңгерлер, сала мамандары жұмыс істейді. Олар тек тәуелділіктен арылуға көмектесіп қана қоймай, жан жарасын емдеуге, отбасымен қайта байланыс орнатуға да бағытталған кешенді қолдау көрсетеді.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова бұл бастаманың қоғам үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
— Қоғамдағы тәуелділік мәселесі – тек жеке адамның ғана емес, бүкіл отбасының, тіпті тұтас қоғамның мәселесі. Мұндай орталықтардың ашылуы – бұл әлеуметтік сауығуға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет тарапынан да бұл бағыттағы бастамаларға қолдау көрсетіледі, — деді басқарма басшысы.

Орталық Атырау қаласы, Бейбарыс даңғылы, 450-үй мекенжайында орналасқан. Қазіргі таңда алғашқы келушілер қабылданып, оңалту процесі басталып кетті.

Бұл – тек медициналық көмек емес, бұл – үміт пен қолдаудың мекені. “Жаңғыру” – жаңа өмірге бастар жол.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ