Атырауда жаңа жобаның жеңімпаздары басшылық қызметке тағайындалуда
«Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» пилоттық жобасы елімізде 2023 жылдың шілде айынан бастап іске қосылды. Жоба аясында өңірде 2023 жылы резервтегі 1 көшбасшы, 2024 жылы 6 көшбасшы директор, директор орынбасарлары лауазымдарына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалды. Солардың бірі Қуандық Ержанов Атырау сервис колледжі директоры қызметін атқаруда. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Қуандық Ержанов Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін физика-информатика пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған.
Білікті маман осыған дейін білім беру ұйымдарында физика және информатика пәні мұғалімі, өндірістік оқыту шебері, бағдарламалық қамтамасыз ету маманы, директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісімен білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау жөніндегі жобаны жүзеге асыруда. Үміткерлер 8 ай бойы құзыреттілікті бағалау, үш деңгейлі оқыту, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Резервке қабылданған жаңа буын басшылары кадр мәселесін шешуге өз үлесін қосады, сонымен қатар жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді де басқаруға құзыретті болады.