Атырауда жаңа өрт сөндіру депосы ашылды
Atr.kz/25 қазан, 2019 жыл. Бүгін қаладағы Самал ықшамауданында өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің №3 мамандандырылған бөлімшесінің өрт-сөндіру депосы салтанатты түрде іскеқосылды.
Ашылу рәсіміне Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және қала тұрғындары қатысты.
«Жаңа өрт сөндіру депосы кешенінің ашылуы төтенше жағдайларды жоюда Атырау облысының өрт сөндіру бөлімшелері қызметінің жеделділігін, тиімділігін арттырады. Мемлекеттің басты басымдығы және Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің негізгі міндеті ең алдымен аймақтың аумағында өрттен қорғау және сөндіру, сондай-ақ авариялық құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету болып табылады. Жаңа мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі қауіпсіздікпен ғана емес, сонымен қатар 100-ден астам қосымша жұмыс орындарын ұсынады», — деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, Нұрлан Асқарұлы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерін құттықтап, ерекше көзге түскен қызметкерлерге алғыс хат табыс етті. ТЖД бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Сағынбек Сиратұлы Өмірзақов азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерінің адал еңбегіне, ал жергілікті атқарушы органдарға тұрақты материалдық көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді
Жалпы, жаңа өрт сөндіру депосы төрт аймаққа бөлінген. Негізгі, өндірістік, тұрғын және оқу-спорттық. Мұнда өрт сөндірушілерге барлық қажетті тұрмыстық жағдайлар жасалған. Демалыс бөлмелері, психологиялық тынығу бөлмесі, жаттығу залы, асхана, душ кабиналары, кең бөлмелер, 119-орынға арналған мәжіліс залы, 30 адамға лайықталған оқу сыныбы бар. Өндірістік аймақ бақылау-өткізу бекетінен, автотұрақтан, екі су қоймасы бар авто жанармай құю стансасынан тұрады. Оқу-спорттық аймағында оқу-жаттығу мұнарасы алаңы, 100 метрлік кедергі жолағы, баскетбол алаңы және шағын футбол алаңы орналасқан.
Негізгі ғимараттың үшінші қабатында 40
адамға есептелген жатақхана орналасса, төртінші қабатта қажетті жиһазбен
жабдықталған 7 пәтер орын тепкен.
Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің жүрегі
– байланыс пункті, онда өрт оқиғалары мен апатты жағдайлар туралы
хабарламалардың барлығы келіп түседі.
— Нысан жергілікті бюджет есебінен салынды. Қазіргі таңда, Исатай және Құрманғазы аудандарында тап осындай тағы екі депо құрылысы жүріп жатыр. Оларды 2020 жылдың мамыр айында пайдалануға беру жоспарланып отыр, — деді, Атырау облысы бойынша ТЖД бастығы Сағынбек Өмірзақов.
Жалпы, жергілікті атқарушы органдардың қаржылық қолдауының арқасында Атырау облысы бойынша ТЖД бөлімшелерінің материалды-техникалық базалары жыл сайын жаңартылып келе жатқанын атап өту керек.