Әкесіз өскен ұл

әкесіз өскен ұл Жаңалықтар

Сұм соғыс-ай. Талайдың тағдырын тәлкекке салып, шаңырағын шайқалтты ғой. Әкесінің жүзін көрмеген, оның мейірлене иіскегенін сезбеген сәбилер қаншама. Солар бүгінде өздері де ата болып, немере еркелетіп отырғанымен,  жетім өскен бала шағын ұмытар ма? Сол сұрапылдың жанға салған жарасы жазылар ма? Әй, қайдам…

әкесіз өскен ұл

Орынғали шешесінің құрсағында қалғанда әкесі Ақтөре 1942 жылы әскерге шақырылған-ды. Сонау батыста тұтанған соғыс өрті кең байтақ қазақ даласын да шарпыған. Біреудің жалғызы да, елінің жайсаңы да қолына қару алған. Жылыойдағы Шоқпартоғайдан кеткендердің кейін келгені саусақпен санарлық қана. Өзгесі опат болды. Ақтөре де 1943 жылдың қарашасында Сталинград түбінде көз жұмды. Өзі ғана емес, бірге аттанған ағайынды төрт жігіттің де сүйегі сонда қалды.

Қайран ер соңғы демі таусыларда не ойлады екен? Артында қалған жеті баласы, әсіресе, өзі сүйіп те үлгермеген кенжесі көз алдына келген шығар-ау. Үзіліп бара жатып сол құлыншақтарын жары Шархатқа тапсырған болар. Ия, солдат жесірі майданда қаза тапқан күйеуінің шаңырағын шайқалтқан жоқ. Ұлын ұяға қондырды, қызын қияға ұшырды. Бәрінің қолын өз ауыздарына жеткізіп, бертін келе қайтыс болды.

Ал, әке мейіріміне қанбаған Орынғалидың өмір жолы қалай өрілді? Әрине, алдындағы ағалары қамқорлады. Өздері еңбекке ерте араласып, кенже інілерін қамқорлады. Әсіресе, іргесі ажырамаған Сапар ағасына еркелеп, «папа» дейтін. Осындай жан-жақты қолдаудың нәтижесінде еш мұқтаждық көрместен 1959 жылы Құлсарыдағы Абай атындағы орта мектепті бітірді. Екі жылдай Индердегі геология мекемесінде бұрғышының көмекшісі болып жұмыс жасады. Содан 1961 жылы Грозный қаласындағы техникалық училищеге түсіп, оны химия саласының маманы бойынша аяқтайды. Оқу орнын үздік бітірген жасты шешен елі жібермей, сондағы химия зауытына қызметке орналасады. Әрине, туған жерін сағынады. Бірақ, ол кездің тәртібі солай, қайда жіберсе, сонда бару керек. Сөйтіп жүргенінде әскерге шақыратын мерзімі де келеді.

Одан оралған соң 1966 жылы Гурьев химия зауытына жұмысқа орналасқан ол енді Жайық жағасынан ешқайда кетпеді. Осында табан аудармастан он төрт жыл еңбек етіп, қатардағы аппаратшыдан зауыт директорының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Абыройсыз болған жоқ. Тікелей Мәскеуге бағынатын стратегиялық өндіріс ошағының кідіріссіз жұмыс жасауы үшін күндіз-түні талмай тер төккендердің бірі.

Ал, 1980 жылдан бастап газ шаруашылығы саласына ауысып, мұнда да басшылық қызметтен табылады. Атап айтқанда, «Атырауоблгаз» және «Алаутрансгаз» мекемелеріне жетекшілік етеді. Сөйтіп, 2011 жылы еңбек демалысына шығады. Бірнеше рет облыстық және қалалық партия комитеттерінің Құрмет грамотасымен, Алматыдағы «Алаутрансгаз» акционерлік қоғамы басшылығының Алғыс хатымен марапатталады. Гурьев қалалық кеңесінің депутаттығына сайланып, жұртшылық сеніміне де ие болады. Міне, әкесіз өскен ұлдың жүріп өткен жолын қысқа қайырғанда осылай өріледі.

Бүгінде Орынғали Ақтөреұлы – облысқа танымал азаматтардың бірі. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында 75 жасқа толғалы тұр. Ал, әйелі Банумен шаңырақ көтергеніне тура жарты ғасыр екен. Жеңгеміз де бүкіл саналы ғұмырын медицина саласына арнап, бүгінде зейнеткерлер сапында. Қос ұлы мен қызынан өрбіген алты немересі бар. Әлі де шөбере көруді армандайды. Әйтсе де, әкесіз өскен күндері көңілінен кетер емес. Өзі көрген қиындықтың ұрпағының басына бермегенін қалайды.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз