
Атырауда жаңа концерт залы бой көтереді
Атырау қаласында 1 200 орындық жаңа концерт залының құрылысы биыл басталады. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл мәдени кешен өңірдің басты туристік нысандарының біріне айналады деп күтілуде.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, қазір бұған дейін құрылысы аяқталмай қалған концерт залы мен монша-сауықтыру кешені «ARSM» ЖШС тарапынан сүріліп жатыр. Бұл жұмыстар бір ай ішінде толық аяқталмақ. Ал жаңа нысанның құрылыс жобасын «Engineering Center Ltd» ЖШС әзірлеген. Егер мемлекеттік сараптама мамыр айына дейін мақұлданса, жылдың екінші жартысында қажетті қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталады.
Жаңа концерт залы үш негізгі залдан тұрады. Сонымен қатар кешен құрамында мұражай, жеделсаты, панорамалық бақылау алаңы болады. Ең ерекше элементтердің бірі – домбыра пішініндегі символдық ғимарат.

– Атырау топырағы – күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаны, талай ақын-сазгерді дүниеге келтірген қасиетті мекен. Сондықтан қазақтың киелі аспабы – домбыраның бейнесі кешеннің алдында ерекше символ ретінде бой көтереді. Бұл тек мәдениетке, мәдениет алыптарына деген құрмет емес, сонымен қатар өңірдің тарихи мұрасын айшықтайтын орын болады. Мұнда жеделсаты арқылы жоғары көтеріліп, қаланың әсем көрінісін тамашалауға мүмкіндік болады. Сондай-ақ ғимарат ішінде Атыраудың тарихынан сыр шертетін интерактивті тақталар қойылады. Жалпы, бұл кешен – концерт залы ғана емес, мәдениет пен тарихтың тоғысқан заманауи орталығы болмақ, – дейді Нұрберген Мәлікұлы.

Жалпы, төрт қабатты мәдени кешен 5 гектар аумақты қамтиды. Жоба бойынша оның ерекше сәулеті мен кең функционалдығы туристер мен қала тұрғындары үшін тартымды орын болары сөзсіз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА