Атырауда департаменттің жаңа басшысы тағайындалды
Atr.kz/8 қаңтар, 2020 жыл. Атырауда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жаңа басшысы тағайындалды. Ол – бұған дейін Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарған Мейіржан Есімбаев.
«Мейіржан Есімбаев санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласында 20 жылдан астам уақыт қажырлы еңбек етті. Жұмыс тәжірибесі өте мол. Сондықтан, оның бұл қызметті абыроймен атқаратынына сенемін» деді Олжас Әбішев.
Мейіржан Атыбарұлы 1973 жылы 14 ақпанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген. Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясын «дәрігер» және Қазақ-Орыс халықаралық университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Әр жылдары Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс департаментінің дәрігері, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің Ырғыз аудандық бөлімінің бастығы, аталмыш ауданда мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бөлім бастығы, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы және Мұғалжар аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымдарында еңбек етті.