Атырауда жаңа бағытта автобус шықпақ
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Атырау-Аққыстау-Атырау бағытында тұрақты маршрутта қытынайтын жолаушылар автобусы қолданысқа беріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
— Тұрғындардың ұсынысына сәйкес Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы аймақ аумағында қатынайтын тұрақты маршруттардың санын көбейткелі жатыр. №98 Атырау-Аққыстау-Атырау бағытындағы 21 орындық «Tayota Coaster» жолаушылар автобусы алғашқы рейсін 23 қаңтар күні Аққыстау ауылынан сағат 8:00-де бастайды. Тасымалдаушы мекеме – «ЛаваТранс» ЖШС. Автобус Х.Ерғалиев және Тұщықұдық ауылдарына аялдама жасайды, — деді Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Жанболат Акинов.
Сондай-ақ, автобустар күнделікті Аққыстаудан Атырауға қарай және кері бағытта бір рет қатынайды. Билет құны бір бағытқа 800 теңге. Жеті жасқа дейін тегін, 7-15 жас аралығындағы балалар мен мүмкіндігі жектеулі азаматтарға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Автобус Аққыстау-Атырау бағытына таңғы 8:00-де Аққыстау темір жол вокзалынан жүрсе, Атырау-Аққыстау бағытына қаладағы автобекеттен 16:30-да жолға шығады. Билеттерді Атырау қаласындағы автобекет және Аққыстау ауылының теміржол вокзалы кассасынан немесе atyrau.avokzal.kz веб-сайтынан сатып алуға болады.
Жауапты мамандардың айтуы бойынша, алдағы уақытта халық сұранысына сәйкес, аталған бағытта қатынайтын автобустардың санын көбейтіп, көлік құралын жаңарту жоспарланып отыр.