Жыр болған жеделсаты

FB IMG 1548311092568 Жаңалықтар

Atr.kz/28 маусым, 2019 жыл. Бүгінде зәулім ғимараттар мен тұрғын үйлердің барлығында дерлік лифт қызметі бар. Алайда, соңғы жылдары оның бірнеше жантүршігерлік оқиғаға себеп болуы баршаны алаңдатуда. Дегенмен, лифт қызметін нақты қай мекеменің қадағалайтыны айқындалмай отыр.

Қазақстанда 8 500-ден аса тұрғын үйде 23 мыңға жуық лифт (жеделсаты) бар. Бұлардың 40 пайызының тозығы жетіп, істен шыққан. Ал, Атырау қаласындағы 115 көп қабатты тұрғын үйіне орнатылған 300-ден астам лифтінің 40-қа жуығы жұмысын тоқтатыпты.

Мәселен, Алмагүл ықшамауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің лифтісі үнемі біртүрлі «мінез» танытып, тұрғындарды қатты үрейлендіреді. Олардың арасында лифт кабинасына қамалып, шарасыз күйге түскендер де, есігіне қысылып қала жаздаған қарттар да бар.

– Алмагүл ықшамауданында 2006 жылдан бері тұрамыз. Үйімізге лифт қондырғанда, әрине, қуанышымызда шек болмады. Бірақ, барлық төлемдерін төлеп жүрсек те, қазір лифтінің жүргенінен тұрғаны көп. Бізде 2-3 қабаттағы лифт ашық тұр. Оны бақылап, бір шарасын алатындар жоқ. Кішкентай балалар қызық көріп қарайды да, құлап кетсе, не болады?» дейді №16 үйдің тұрғыны Айымгүл апай.

Ал, Света есімді тұрғын лифтіге 25 рет қамалып қалыпты. «Қызым тросс үзіліп кетіп, төмен түсіп кетті. Таңғы үшке дейін отырды. Лифтерді таксиінің ақшасын беріп, әрең шақыртып алдық» дейді ол. Атырау қаласында лифтіге техникалық қызмет көрсететін 6 мекеме бар. Солардың бірі – «Атырау лифт» мекемесі тек пәтер иелері кооперативімен келісім-шарт арқылы жұмыс жасайды.

Мамандардың айтуынша, бұл мекеме қазір 300-ге жуық лифтіге қызмет көрсетеді. Бұл лифтілердің барлығының қондырылғанына 25 жыл толмаған, былайша айтқанда, тозбаған дүниелер. Әрине, лифтінің қауіпсіздігі әртүрлі жағдайға байланысты болады екен. Тіпті, ауа-райы да әсер етеді. Мысалы, күн қатты ыстықта оның қозғалтқышы жұмыс жасамай қалуы мүмкін.

Сондықтан, оған салқындату жүйесін қою керек. Тегінде лифт тұрғындарға тиесілі ортақ мүлікке жатады. Алайда, оны баптап ұстау, қорғау шараларын қадағалап отыру құзыры ешқандай мекемеге берілмеген. Президенттің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 Жарлығына сәйкес, ортақ мүліктерді орталық атқарушы органнан жергілікті атқарушы органдарға бергенде, жеделсаты қызметін тексеру және оны қадағалау Тұрғын үй инспекциясына міндеттелген функцияға кірмей қалған.

Сондықтан да, аталған мекеме лифтіні тексеруге, оған қатысты мекемелер қызметін қадағалауға құқылы емес. Инспекция 2018 жылы Атырауда орын алған екі жеткіншектің қайғылы оқиғасынан кейін қала әкімінің қаулысымен ғана тексеру жүргізген.

– Орталық атқарушы органнан жергілікті атқарушы органдарға мынадай функциялар берілген.Бұл – коммуналдық тұрмыстық мақсаттағы объектілер, яғни тұрғын үй қорлары, лифтілер, эскалатор, фуникулер пайдаланатын ұйымдардың кондоминиуим объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Алайда, жергілікті органға берілген функцияларды нақты қай мемлекеттік орган атқаруы қажеттігі көрсетілмеген. Бұған қарамастан тұрғын үй инспекциясы қаладағы лифтілердің жұмысын бүгінге дейін қадағалап отыр. Алмагүл ықшамауданындағы қайғылы жағдайға байланысты қала әкімінің қаулысымен қаладағы барлық лифтінің тізімі анықталды.

Саны, қандай жағдайда тұрғаны тексерілген болатын. Қорытындысында кондоминиуим объектісінің басқару органдарына, лифтімен қызмет көрсету мекемелеріне ұсыным беріліп, ай жарым ішінде кемшіліктер жойылды,- дейді Атырау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайрат Хабиев.

Елімізде іске қосылған «Өңірлерді дамытудың 20112020» жылдарға арналған бағдарламасы аясында Атырау қаласындағы 15 көп қабатты тұрғын үйдің лифтісі жаңартылды. Бұл орайда, лифтіні жаңарту пәтер иелерінің 70 пайызы келісім бергенде ғана жүзеге асады. Тұрғын үй инспекциясы келер жылы 7 тұрғын үйдің лифтісін жөндеу мәселесін ойластырып отыр.

Әнел МАРАТОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университетінің студенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз