Атырауда заманауи жаңа оңалту орталығы салынуда
Атырау қаласының Алмалы ауылында мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған заманауи 150 орындық оңалту орталығы салынуда. Мұндағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын мердігер мекеме – «БатысАльянсСтрой» ЖШС атқаруда. Құрылысы былтыр басталған нысан 2025 жылы сәуірде пайдалануға беріледі.
Құрылыс нысанының бөлімше бастығы Жалғас Әпеновтің айтуынша, орталық мүгедектігі бар адамдарға стандартқа сай әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени және құқықтық бағыттағы қызмет түрлерін көрсетеді.
–Үш қабатты ғимаратта сауықтыру-жүзу бассейні, спорт зал, мәжіліс залы қарастырылған. Жаңа нысанда дәрігерлік бөлмелер мен оңалту-жаттығу залы бар. Сондай-ақ, тамақтану орыны жасақталған. Науқастарды оңалтуға арналған үш аумақ болады. Олар медициналық, әлеуметтік және психологиялық оңалту болып бөлінеді. Бұл кешенде тұз шахтасы, электр сәулемен емдеу, ингалятор аумағы, физиологиялық және механикалық емдеу, сумен және инемен емдеу секілді терапиялық бөлмелер бар. Ағашпен жұмыс, сурет салу секілді үйірмелер де жұмыс жасайтын болады. Ғимаратта барлығы 7 жеделсаты орнатылған, — дейді Жалғас Әпенов.
Аталған кешеннің жалпы аумағы – 5 гектар. Оның ішінде 10 591 шаршы метрі 5 бөлік тұрған нысанды құрайды. 18 мың текше метрі көгалдандыру жұмыстарына арналған. Сонымен қатар аумақтың техникалық ғимаратында «жедел жәрдем» көліктеріне арналған тұрақ пен механиктер көлікті жөндейтін арнайы орындар бар. Тағы бір ерекшелік, аумақта көкөніс өсіруге арналған жылыжай да салынуда.
–Қазір сумен, жылумен, электр энергиясымен қамту жұмыстары жасақталып жатыр. Тасжол төсеу жұмыстары да жүргізілуде. Нысанға қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздарға тапсырыс берілуде. Қажетті жұмыстардың барлығын толық аяқтап береміз. Бұл облыстағы заманауи типтегі алғашқы оңалту орталығы болып табылады. Мұндай кешен Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында да қолға алынса керек, — дейді Ж.Әпенов.
Айта кету керек, қазір облыс бойынша Атырау қаласы «Вокзал маңы» шағынауданында орналасқан мүгедектігі бар ересек адамдарға арналған 55 орындық оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Мұнда 16 жастан жоғары 100-ден астам адам жылына екі рет оңалту курсынан өтеді. Жылына 1 мыңға жуық тұрғын өзіне қажетті қызметтерді пайдаланады. Демеуші компаниялар жетіспейтін құрал-жабдықтарды сыйға тартқан. Десек те орын тапшылығы әлі де өзекті. Алмалыдағы заманауи типтегі жаңа оңалту орталығы жүйелі жүзеге асырылса, бұл бағыттағы мәселе шешімін тапқан болар еді.