Жарнама
Жаңалықтар

АТЫРАУДАҒЫ КАБЕЛЬ ЗАУЫТЫ

 

— Өздеріңізге мәлім, қазіргі уақытта біз республика бойынша индустриалды-инновациялық дамудың алғашқы бесжылдығын сәтті аяқтап, екіншісіне аяқ бастық. Еліміздің өзге өңірлеріндегідей, біздің облысымызда да бірінші бесжылдықтың жоспарына енгізілген іс-шаралар толықтай жүзеге асырылды. Көптеген инновациялық жобалар іске қосылып, қай салада да өндірістің өрлеп, істің ілгері басуына тың серпін берді, — деді облыс әкімі.- Бұл үрдіс екінші бесжылдықта да жүйелі жалғасын табуда. Соның айғағындай, өңірімізде тағы бір заман талабына сай келетін, соңғы үлгідегі техника-технологиялармен жабдықталып, жарақтандырылған өндіріс орны ашылып отыр. Бұл, сонымен бірге, «Қазақстанда жасалған!» атты жалпыұлттық акциясына атыраулықтардың қосқан қомақты үлесі де болмақ. Өйткені, жаңа зауыттың шығаратын өнімдерін тұтынушылар – негізінен отандық кәсіпорындар. Әсіресе, телекоммуникация мен байланыс қызметін дамытуда, оның сапасын арттырып, бәсекелестікке қабілеттілігін көтеруге жол ашады.

Аймақ басшысынан соң салтанатты рәсімге қатысушыларды ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов құттықтады.

— Анда-санда елге келгенімізде ылғи да осындай жан жадыратар жаңалыққа тап болып, соның куәсі болып жатамыз. Мұны, әрине,  жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, бұл жолы да солай болды. Қолға алған істеріңіз бен жүзеге асырып отырған жобаларыңыз елдің игілігіне қызмет етсін, — деп ағынан жарылды Қайрат Қыдырбайұлы.

Бұдан әрі осы жобаны жүзеге асырушы «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС-нің бас директоры Семен Николаевич Хван, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының басшысы Ерсайын Дүйсемалиев та  жылы лебіздерін жолдады. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Сенат төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов және серіктестік директоры Семен Хванның қатысуымен жаңа кәсіпорын іске қосылып, басқару тетігінің көмегімен өндіріске пәрмен берілді. Одан кейін меймандар зауытта атқарылатын жұмыс процесімен танысты.

Жоғарыда атап өткеніміздей, өңірлік индустрияландыру картасы, қала берді «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған бұл жоба мемлекет тарапынан 7 пайыздық субсидиялау жолымен, екінші деңгейлі «RBK BANK» мекемесі арқылы қаржыландырылуда. Кәсіпорынның жобалық құны 715 млн. теңгені құрайды. Бастапқыда, бір ауысымдық әдіспен жұмыс жасау кезеңінде мұнда жалпы ұзындығы 5000 шақырымдық кабель шығарылып, 50-ге тарта адам  жұмыспен қамтылса, үш ауысымдық жүйеге көшкенде бұл көрсеткіш 11000 шақырымға дейін көбейіп, жаңадан жұмыс орындары ашылады. Ал, құрылысының аяқталуы мен өндірістік нысанының тапсырылуы 2017 жылға жоспарланған жобаның екінші кезеңінде (оның өзі екі бірдей цехтан тұрады!) кәсіпорында құрамына мыс қосылған кабель шығару мүмкіндігі бар жаңа желі іске қосылады. Онда атқарылатын жұмыс ауқымы мен маман-қызметкерлердің қатары ұлғаяды. Сәйкесінше, зауыт өнімдеріне деген сұраныс деңгейі де артары сөзсіз.

Қазірдің өзінде зауытта кабельдің бірнеше түрі шығарылады. Өндіріске қажетті қондырғы, құрал-жабдықтар Қытай елінен әкелінсе, қажетті шикізат көршілес Ресейден жеткізіледі. Оған қоса, дәл осындай зауыты бар қарағандылық әріптестерімен серіктестік байланыс орнату да ойластырылған. Оның үстіне, жаңа кәсіпорынның иесі «ПКФ Континент Ко ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы басшылығы үш жыл мерзімге өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған. Сондай-ақ, дәл осы күні кәсіпорын мен Атырау политехникалық колледжінің басшылары да студенттерге дуальды білім беру жөнінде жасалынған екі жақты келісім-шартты бекітті. Бәрекелдісі сол, колледждің биылғы түлектерінің ішінен бірнеше жас осында жұмысқа қабылданса, енді бір тобы өндірістік тәжірибеден өтуге жолдама алған екен. Келісім-шартта, сондай-ақ,  оқытушылардың да мамандықтарын ұштап, біліктілік деңгейлерін жетілдіруіне жағдай жасау мүмкіндіктері қарастырылыпты.

Зауыттың ашылу рәсіміне ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев, Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев та қатысты.

Дәулетқали  АРУЕВ.

Суретті  түсірген

Әнуар  ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button