Атырауда үш жыл тұрған шетелдік бала қазақ күйлерін шебер орындайды (+ВИДЕО)
Атырауда үш жыл тұрған шетелдік жасөспірім домбыра тартып жүр.
Радек есімді шетелдік жасөспірім Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында туған. Кейін ата-анасының жұмыс бабымен Қазақстанға келіп, Атырауда үш жыл тұрған.
«Қазақстанға келгенге дейін АҚШ пен Польшада тұрдық. Қазақ халқының ұлттық киімі мен тағамдары, ұлттық аспабы – домбыра қатты ұнады», — дейді шетелдік жасөспірім.
Әкесі Хаймиш Полстың айтуынша, оның отбасы Атырауға 2017 жылы келген. Өзі осындағы шетелдік компанияда жұмыс істейді.
«Радектің музыкаға құштарлығын байқап, домбыра шертуді үйренгенін қаладық. Біз қай елде тұрсақ, сол елдің мәдениетіне қызығушылық танытамыз. Сол себептен, ұлыма домбыра сатып алып бердім», — дейді Хаймиш Полс.
Шетелдік жасөспірімге домбыра үйреткен ұстазы – Жаңылхан Ғалымқызы. Оның сөзінше, Радек демалыс күндері бір, не екі рет домбыра үйренуге келіп тұрған. Осылай 6-7 айда домбыра шертуді меңгеріп алған. Қазір 4-5 күйді жаңылмай орындайды. Әсіресе, Құрманғазының шығармаларын орындағанды ұнатады. Соның ішінде «Адай» мен «Келіншек» күйлері бар.
«Былтырғы жылдың сәуірінде пандемияға байланысты Польшаға барып, Қазақстанға қайта орала алмадық. Қазір домбыра шертуді үйреткен ұстазымнан әр жексенбі сайын Skype арқылы дәріс алып жүрмін. Польшада қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Көзімнің қарасы» туындысын үйрендім. Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтап, 2021 жыл бақ-береке әкелсін деп тілеймін», — дейді Радек.
«Қазақпарат»