«Атырау» газетінің журналисі Мәлике Қуанышева «Алтын кітапқа» енді

dsc 0985 scaled Жаңалықтар

Atr.kz/26 желтоқсан, 2019 жыл.  Атырауда өткен «Жастар жылының» салтанатты жабылу рәсімінде биыл биік белестерді бағындырып, үздік атанған жастар марапатталды.

Сондай-ақ, екінші мәрте жасақталған Атырау жастарының «Алтын кітабына» енген жандарға куәліктер табыс етілді.

Олардың қатарында әріптесіміз, «Атырау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің шолушысы Мәлике Қуанышева да бар.

Ел абыройын асқақтатар азат ойлы жас буын барда мемлекеттің мәртебесі де биік болары сөзсіз. «Жастар жылында» жаңашыл жобалары мен тың бастамаларымен орда бұзғандар – соның айқын дәлелі. Ал, «Алтын кітап-2019» жинағы өңірдегі жастар саясатының дамуына өз салалары бойынша үлес қосып, үздік нәтижелерге қол жеткізген облыс жастарын ынталандыру мақсатында берілді. Екі кезеңнен тұрған іріктеу сынында аталмыш кітапқа енуге барынша лайық деп танылғандар таңдалды. Арнайы комиссия төрағасы, еңбек ардагері Абат Кенжеғалиевтың айтуынша, бұл жинаққа бір ғана емес, бірнеше жыл бойы жас буын бастамаларын қолдап, оларды дамытуға көбірек еңбек сіңірген жандар бақ сынады.

Сонымен, жас ақын, бүкілелдік челленджге арқау болған «Мен қазақпын» әнінің авторы, «Атырау» телеарнасының редакторы Нұржан Өмірбаев пен «Жастар театрының» негізін қалаушы, Махамбет атындағы қазақ драма театрының актеры Әміржан Нұрланұлы «мәдениет» саласы бойынша жинаққа енгізілді. «Қоғамдық қызмет» аталымында «Елсана» руханият клубының жетекшісі Нұржан Ермұханов пен Қ. Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің директоры Айжан Қарабаеваның есімдері лайық деп танылды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев пен жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Кубегенова «мемлекет қызмет» номинациясында үздік болды.

«Төртінші билік өкілдері» саналатын, аймақтың тыныстіршілігін тап басып, жаңалықты жеткізуші «журналистика» саласында «Атырау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің шолушысы Мәдике Қуанышева мен «Атырау» телеарнасының редакторы Гүлбану Ғарифуллаеваның есімдері енгізілді. «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылған «Атырау» газетінің жастарға арналған «Армандастар» қосымшасының авторы М. Қуанышева қазіргі жастардың түйткілді мәселелерін баспасөз бетінде көтеріп қана қоймай, олардың шығармашылығын дамытуға да өз үлесін қосты. Қоғамдағы елеулі тақырыптарға қалам тербеп журген журналист бұл марапат бүкіл «Атырау» газетінің ұжымына берілген баға деп есептейді.

– Газет бетіндегі бір ғана хабардың артында бүкіл редакция қызметкерлерінің елеулі еңбегі бар. Ғасырға аяқ басқалы отыған өңір жылнамашысының тізгінін ұстаған тәжірибелі редактор, кейінгі буынға жол көрсетіп, бағыт сілтеп жүрген журналистикадағы ұстазымыз Исатай Балмағамбетовтың да үлесі мол деп білемін. Сонымен қатар, арнайы қосымшада журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан суденттердің тырнақалды туындылары да жарық көрді. Бұл – болашақ маман иелерінің тәжірибе жинақтауына үлкен мектеп болары даусыз. Ал, жастар жұмыссыздығы мен бос уақытын тиімді өткізу проблемалары мен қатар мемлекеттік бағдарламалар да қосымшада тұрақты жарияланып, оның әр ауыл-аймақта жүзеге асуы тұрақты түрде газет бетінен көрініс тауып келеді, – дейді М. Қуанышева.

Ал, өз өмірін өлке өндірісімен байланыстырған Атырау мұнай құбыры басқармасының еңбекті қорғау бойынша инженері Алтынгүл Шакимова «өндірістік қызмет» аталымы бойынша марапатталды. Салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, ұлттық намысты қолдан бермей келе жатқан каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Нұрлан Домбаев пен параолимпиада ойындарының чемпионы Ерлан Қазиев спорт саңлақтары қатарынан табылды. Шағын кәсіп ашып, қожалық жұмысын жандандырған шаруагерлер де елеусіз қалмады. Жинаққа жас кәсіпкерлер Әнуар Жұмабай мен Мерей Қапсиховтың есімдері енді.

            Сонымен қатар, биыл Жайық өзеніне батып бара жатқан бйжеткенді құтқару барысында көз жұмған полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевтың есімі де – «Алтын кітапта». Нағыз ерге тән мәрттік пен ерліктің үлгісін көрсеткен Шалқардың қазасы тұтас елдің қабырғасын қайыстырды. Салтанатты жағдайда марапат оның анасы Ләззат Мұқановға табыс етілді. «Бүгінгі күннің батыры» аталымы осынау оқиғада ерлік көрсеткен қалалық полиция басқармасы, патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Рүстембек Сундутовке ұсынылды.

            Салтанатты жиын барысында облыс көлемінде атқарылған іс-шараларда белсенділік танытқан жастар да елеусіз қалмады. Оларға түрлі деңгейдегі Алғыс хаттар табыс етілді. Қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерті мерекелік кешке сыйтарту болды.

dsc 0826
Фото – Әнуар Әбілғазиев

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз