СарапTime: ҮШ АУЫСЫМДЫ мектептер жойыла ма?
Қазақстанның білім саласындағы түйткілді мәселелердің бірі – үш ауысымды мектептерді жою.
Білім саласына кері ықпал ететін бұл ахуал тек бір қалада емес, күллі елге ортақ түйін. Ал, Атырау облысындағы үш ауысымдық және апатты мектептер мәселесі алдағы екі жылда толық шешіледі деген әңгіме бұдан он шақты жыл бұрын айтылған еді. Бірақ әлі күнге дейін біз одан құтыла қойған жоқпыз. Енді облыстың 2025 жылға дейінгі кешенді даму бағдарламасына енгізілген проблемаға екі-үш жылда нүкте қойылатын болды. Шынында, бұл бейжай қарайтын мəселе емес. Егер баланы тұлға ретінде қалыптастыратын орда – мектеп екенін ескерсек, оқушының қимыл-қозғалысы емін-еркін болуға тиіс. Партаға шынтағы сыймай, тар дəлізде соқтығысып, таң атқаннан кеш батқанша мектепте қысылып-қымтырылып жүретін баланың зейіні оқуда, назары кітапта болуы екіталай.
Жеделдік жетіспей жатыр
Ресми мəлімет бойынша облыстағы үш ауысымда білім беретін 11 мектептің барлығы да Атырау қаласында. Оларда білім алып жүрген 21 523 оқушының 7371-і 295-ке жуық сыныпта оқиды екен. Сорақысы сол, біз үш ауысымды мектептен енді екі жылда құтыламыз деп дəметіп жүрсек, «үш ауысымда оқыту қаупі бар» деген санаттағы мектептер де бар екен. Өйткені, облыс бойынша Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы Абай атындағы №5, Индер ауданының Есбол ауылындағы Қ.Есқалиев атындағы, Атырау қаласындағы М.Жұмабаев атындағы №1 орта жəне Махамбет ауылындағы Д.Төленов атындағы мектептердің ғимараттарына «апатты жағдайда» деген қорытынды шығарылған. Мұның жай-жапсарын сұрап, Атырау облысы білім беру басқармасына хат жолдағанбыз. Келген жауаптан жасалып жатқан мақсатты жұмыстардың аз емес екенін байқадық. Атап айтқанда, осыдан екі ай бұрын «Береке» шағынауданынан ашылған 1200 орындық мектептiң 1 мыңнан астам шəкіртті қабылдауы үш ауысымда оқитын Ə.Молдағұлова атындағы №22 жəне №39 мектептердегі бала санын едəуір азайтқан.
Қазір қала іргесіндегі Жаңаталап, Дамбы ауылдарында əрқайсысы 300 орындық екі мектеп, «Балауса» шағынауданы мен «Ақжар-2» ауылынан 600 орындық екі білім ұясы, Индер ауданындағы Есбол ауылында 320 орындық, Махамбет ауданының орталығынан 300 орындық интернаты бар 600 орындық, Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы 350 орындық жəне Құлсары қаласынан 300 орындық мектептер салынып жатыр. Ал, мемлекеттік-жекеменшік əріптестік арқылы Атырау қаласындағы «Нұрсая», «Сарыарқа» шағынаудандарында əрқайсысы 2000 орындық мектеп ғимараттарының құрылысы жүргізілуде. Одан басқа «Тасқала-2», «Бірлік-2», «Еркінқала-2» ауылдары мен «Жұлдыз-2», «Көктем-2» шағынаудандарынан 600 орындық, Индербор кентінен 200 орындық интернаты бар 300 орындық мектептердің жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Ал, қаладағы №3 мектеп-гимназиясы, Абай атындағы №15 жəне Ж.Қаражігітов атындағы №16 мектептерге жапсаржай салу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталып жатыр. Қысқасы, салынып жатқан жаңа ғимараттар көп-ақ, тек құрылысшыларға жеделдік жетіспей жатыр.
Үш ауысымнан құтылу үшін…
Бүгінде облыста апатты жағдайдағы білім ұяларының проблемасын шешу үшін 3 мектептің ғимараты салынып жатыр. Тағы бір мектеп ғимаратын салуға тендерлік ресімдеулер аяқталған. Қазір құрылысы жүріп жатқан Құлсары қаласындағы 300 орындық Абай атындағы №5 мектеп ғимаратының қаржысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы шешімін тауыпты. Индер ауданының Есбол ауылындағы 320 орындық жəне Махамбет ауылындағы 300 орындық интернаты бар 600 орындық мектептердің құрылысы да осы бағдарламаның негізінде былтыр басталды. Биыл «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен қаладағы М.Жұмабаев атындағы №1 мектепке 300 орынға есептелген ғимарат салу үшін тендерлік ресімдеу жұмыстары аяқталыпты. Бұл құрылысты салу демеушінің өзіне ұсынылған. Əрине, келешекті ешкім де болжай алмайды. Дегенмен, мұның барлығы да болашақта үш ауысымдық жүйеге көшу деген ұғымды болдырмау үшін жасалып жатыр.
Мұны да жеңеміз
«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы! Əр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған іс-шараларға сəйкес Атырау облысында 2021-2025 жылдары 48 мектеп салу жоспарланды. Егер ол жүзеге асса, облыс аумағында 20 мыңға жуық білім беру мекемесі мен жаңадан 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Əрине, айтар ауызға жеңіл көрінсе де, оңай іс емес. «Бастысы – алдағы бесжылдықта Атырау облысының мектептерінде орын тапшылығы болмайды. Мəселе толықтай оң шешіліп, оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасалады», – дейді басқарма берген жауапта. Рас, сонау жылдары мектепке еркін сыйып отыратын шəкірттер қыстыгүні аузынан буы бұрқырап, үстіндегі сырт киімін шешпей отырса да, тəлімді тəрбие мен сапалы білім алатын. Ендеше, үш ауысыммен оқуды да аман болсақ, артқа қалдырарымыз хақ.
Жайна МƏЛІМҚОЖА
Суретті түсірген: Ерлан Алтыбаев