Атырауда урбанистер форумы өтуде
Атыраудағы Н. Балғымбаев атындағы Даму және коммуникациялар орталығында «URBATHON Atyrau» атты Қазақстанның урбанистер форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды atr.kz
Форумның мақсаты – Қазақстан урбанистері қауымдастығын біріктіру, тәжірибе алмасу, урбанистикадағы озық тәжірибелер мен трендтерді ұсыну.
Атаулы шараның ашылу салтанатына қатысқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қатысушыларға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің атынан сәттілік тілеп, еліміз бойынша алғаш рет мұнайлы өлкеде өтіп отырған форумның маңызы мен мәніне ерекше тоқталып өтті.
Соңғы 10 жылда кала халқының саны айтарлықтай өскен. Тұрғындар саны көбейген сайын оларға қолайлы орта жасалуы керек. Бұл ретте урбанистердің орны ерекше.
Өйткені, урбанистер – олар қала тіршілігіне бей-жай қарамайтын, оның гүлденуіне өзінше үлес қосқысы келетін тұлғалар. Форумда мамандар бір күн бойына қаланың тыныс-тіршілігін жан жақты талқыға салатын болады.
Айта кетейік, форум Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, «Q88» Қазақстанның урбанистер қауымдастығының, «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ және Атырау Мұнай және газ университетінің ұйымдастыруымен өтуде.