Атырауда “Ұлық ұлыс — Алтын Орда” халықаралық конференциясының ашылу рәсімі өтті
«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Атырауда «Ұлық ұлыс — Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды. Отандық және Еуропа, Америка, Түркия, Жапония, Ресей, Украина елдерінен зерттеуші-ғалымдар қатысып жатқан іс-шараның ресми ашылу салтанаты Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтті» деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шараның ашылу салтанатымен Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің атынан құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова конференцияның тарихи мәні туралы атап өтті.
«Алтайдан Дунайға дейінгі кең байтақ мекенде XIII ғасырда пайда болған дала және қала мәдениетінің бірегей қоспасы – Алтын Орда өркениетінің тарихына негізделген бүгінгі шара ұланғайыр аумақтың кешегі шежіресіне шолу жасауды мақсат етеді.
Алтын Орда – қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі. Атырау облысында киелі, тарихи орындар көп. Соның бірі – көне Сарайшық қонысы.
Алтын Орда кезеңінде елеулі роль атқарған қоныстың еліміздің дәл осы аумағында орналасуы бекер емес. Бұл біздің тарихымыздың тамыры тереңде жатқанын көрсетеді» деді Бақытгүл Хаменова.
Салтанатты жиында «Айбыны асқан Алтын орда» әдеби-театрландырылған композициялық қойылымы көрсетілді. Онда Шыңғыс Ханнан — Жәнібек Ханға дейінгі Алтын орда тарихы, батырлар, тарихи тұлғалар образдары суреттелді. Сондай-ақ, Сарайшықтың әйгілі аңызы – Алтын қайықты қыз, Алтын Орда хандарының шеруі, Ұлы Жібек Жолы, Алтын Орда мұрагері – Қазақ хандығы туралы театрландырылған композициялар көрсетілді.
Шара дәстүрлі, ұлттық-фолькорлық сарындағы концертке ұласты.
Еске сала кетелік, халықаралық конференцияға «Алтын Орданың» тарихын зерттеп жүрген отандық және шетелдік ғалымдар, «Алтын Орда» қанат жайған тұста өмір сүрген қалалардың орынында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар, этно-археологтар, «Алтын Орда» дәуіріндегі ақша сарайлары, монета соғу ісін індете іздеп жүрген археолог-нумизмат ғалымдар, «Алтын Орданың» кескін келбетін сырлы бояулармен беретін суретшілер, «Алтын Орданың» ауызша тарихын зерттеуші фольклорист ғалымдар мен күйшілер, ақын-жазушылар және көпшілік зиялы қауым қатысуда.