Атырауда «Ұлы дала жауһары» таныстырылды (+ФОТО)
Атырауда Миялы қорғанынан табылған «Ұлы дала жауһары» жәдігерінің салтанатты түрде ашылуы өтті.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылды.
Көрме Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында өткізілді. Негізгі мақсаты Қызылқоға ауданындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Миялы қорғандар тобынан табылған жәдігерлерді насихаттау.
Шараға Атырау облысының әкімі Махамбет Домұхамбетов, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, «Ұлы дала жауһары» ескерткішін қалпына келтіруші Қырым Алтынбеков, сондай-ақ бір топ белсенді азаматтар қатысты.
Жиында сөз алған облыс әкімі археологиялық қазба жұмыстарынан табылған ескерткіштер ата-бабамыздың тарихынан сыр шертетеін мәдени мұра екендігін атап айтты.
— Бүгінгі куә болып отырған Миялы қорғандарынан табылған Сармат тайпасының жәдігері тарихи жадымызға жаңалық болады. Тәуелсіздік алғалы ұлттық тарихымызды зерттеу жұмыстары қарқынды жүріп келеді. Осы орайда ұлттық құндылықтардың жандануына ерен еңбек сіңіргені үшін Қырым Алтынбековке облыс халқы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін, – деген аймақ басшысы, «Ұлы дала жауһары» ескерткішін қалпына келтіруші Қырым Алтынбековке алғыс хат табыстады.
Шара барысында «Сармат» этно-фольклорлық ансабілінің сүйемелдеуімен «Ұлы дала жауһары» жәдігерін облыс әкімі салтанатты түрде ашты. Бұл ескерткіш сол замандағы Каспий маңында тұрған көшпенділердің мәдениеті бойынша қайта өңделген. Қолындағы садақ, қанжар, алтыннан жасалған әшекей-бұйым, белдік пен теріден иіліп, қызыл түске боялған киімдері өз дәуіріндегі дәрежелі адамдардың бейнесін сипаттайды.
Көрме соңында Миялы қорғандарынан табылған алтын жапсырмалар, қола қазан, жебе ұштары, құмыралар және басқа да артефактілер, барлығы 250-ге тарта тарихи құндылықтар көрермен назарына ұсынылды.
«ATPress.kz«
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ