Атырауда үй қабырғаларына таңғажайып сурет салынған
Аtr.kz/14 мамыр, 2019 жыл. Облыс орталығындағы тұрғын үйлердің қабырғаларына «street-art» стилінде суреттер салынды. Көздің жауын алар көріністі жергілікті тұрғындарға Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының бейнелеу өнері және дизайн пәнінің оқытушылары сыйлап отыр.
Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, олар өз ойларын алдымен шаһар басшысы Алимұхаммед Құттұмұратұлына айтып, қолдау тапқан. Кейін жобаны қаржыландыруға ниетті демеушілер де табылыпты.
– Әуелі Балықшы ықшамауданындағы үйдің қабырғасына Жайық өзеніндегі суасты әлемінің суретін салдық. Ал, биыл Махамбет Өтемісұлының портретін кескіндедік. Қазір Жастар жылына орай жаңа идеяларды ойластырып жатырмыз, — дейді суретші Мейірбек Жағыпашев.
Сондай-ақ, Авангард, Нұрсая, Вокзал маңы, Балықшы ықшамаудандарындағы үйлерге Құрманғазы, Дина, Бейбарыс секілді танымал тарихи тұлғаларды бейнелеу жоспарда бар екен. Суретшілер қолдау көрсеткісі келетін демеушілерді өзара серіктестікке шақырады.
«Бір сурет орта есеппен он күн ішінде суға төзімді 100 арнайы баллонмен салынады. Қабырғада ақау болмаса, сурет те соғұрлым ұзақ сақталады. Желсіз күндері жұмыс жасауға тырысамыз» дейді суретші Мирас Жанғожиев.
Ал, суретші Асылбек Бақтиярдың айтуынша, графит, көркемсурет немесе басқасы бола ма, маңызды емес, бастысы, Атырауға әсем келбет пен әдемі көңіл-күй сыйласа болғаны.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ