Баннер 9 мая от газеты Атырау

Атырауда түрлі ұлт өкілдері бір дастарханда бас қосты (+ФОТО)

photo 2021 03 22 23 40 42 Жаңалықтар

Наурыз мерекесіне арналған шара Достық үйінде ауқымды түрде аталып өтті.

Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін жаңғыртқан, бейбітшілік пен келісімді айшықтаған ұлы мерекенің мәні мен маңызы ерекше зор.

        Достық үйінің төрінде орнатылған қазақтың киіз үйінде ақ дастархан жайылып, бауырсақ таратылып, Наурыз көже ұсынылды. Түрлі нақыштағы ұлттық киімдерін киген этномәдени бірлестік өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, Аналар кеңесінің өкілдері және Жылыой, Мақат аудандарынан шақырылған Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары мен шараға келген құрметті қонақтар бас қосып, келісті мерекенің сәнін келтірді.

        Шашу шашылып, шарада қазақтың ұмыт болып бара жатқан жоралғыларының бірі – «Мойын тастар» дәстүрі жаңғыртылды. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының этнос жастары жас жұбайларды сомдады. 

          Наурыз мерекесіне арнайы дайындалған «Ынтымақ» өзбек этномәдени бірлестігінің бір қазан өзбек палауы, «Тхоньиль» кәріс этномәдени бірлестігінің кәріс салаты, «Былина» орыс  этномәдени бірлестігінің бозторғай кейпіндегі тәтті бөлкесі ақ дастарханға ұсынылды.

          Сонымен қатар, Жылыой, Мақат аудандарынан, Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академиясынан келген  өнерпаздардың және бір топ этномәдени бірлестіктері мерекелік өнерлерін көрсетті.

Жеке тұлға қалай қалыптасады?

          Көп ұлттың ортақ шаңырағына айналған Достық үйінде «Азаматтық жеке тұлғаны қалыптастыру процесіндегі Қазақстан Халықтары Ассамблеясының рөлі» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.

Аталған семинар жұмысына этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері, ғылыми-сараптамалық топ, Қоғамдық келісім кеңесі, ақсақалдар кеңесі, медиация кабинетінің мүшелері және  «Қоғамдық Келісім» КММ-нің мамандары қатысты.

Семинарда Атыраудағы азаматтық бірегейлік және Қазақстандағы этностардың интеграциясы мәселелері бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері талқыланды.

          Сондай-ақ, «Былина» орыс этномәдени  бірлестігінің жетекшісі Андрей Кораблев,  «Тхониль» кәріс этномәдени  бірлестігінің жетекшісі Людмила Ли,   «Иверия» грузин   этномәдени  бірлестігінің жетекшісі Зураб Бобохидзе және славян бірлестіктері қауымдастықтары   филиалының төрағасы Владимир Заверткин және басқа да этномәдени бірлестік өкілдері  этникалық әртүрлілікті, жалпы азаматтық бірегейлікке біріктірілген этностардың өзіндік мәдени бірегейлігін сақтау тәжірибесімен ой бөлісті.

      «Хиуаз» ҮЕҰ төраға орынбасары, кәсіпкер, тілші Ляззат Әлиева  шетелден оралған этникалық қазақтардың азаматтық идентификациясы, интеграциясы және бейімделуі мәселелері бойынша өз пікірін білдірді.

Сондай-ақ, ҚХА ғылыми-сараптама тобының мүшесі, бас сарапшы Жанат Асабаева БАҚ әлеуетін белсенді пайдалану, этномәдени бірлестіктердің қызметі арқылы өңірдегі шетелдік азаматтарға және шетелден оралған этникалық қазақтарға Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру және тарту қажеттігін атап өтті.     

Алмас ҚАБДОЛОВ

photo 2021 03 22 23 41 35
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз