Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда тұрғындар садақа кезіндегі аста-төк дастарқаннан бас тартты

Атырауда Мақат ауданының тұрғындары садақа кезінде қойылатын қарапайым ас мәзірін бекітті, — деп хабарлайды Massaget.kz.

«Енді жеке үйлерде ғана емес, жергілікті дәмханаларда да жаназа, жерлеу сынды садақа кезінде қарапайым ас мәзірі ұсынылады. Бұл — Мақат және Доссор кенті тұрғындарының бірлескен шешімі» дейді Мақат ауданының бас имамы Біләл Сағындықов.

Мақат ауданында садақа кезіндегі ысыраптың алдын алуға байланысты ауыл зиялылары, ақсақалдар және жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер кездесіп, өзара мәмілеге келген.

«Ысырапшылдық шариғатта құпталмайды. «Өлім — бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз де бар. Мүфтият бір жылдары «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап шығарған болатын. Ондағы мақсат — ақтық сапар алдындағы жөн-жоралғы, рәсімдерді біріздендіру. Сол еңбекте садақадағы ас мәзіріне қатысты да айтылады. Ас мәзірін қарапайым ету арқылы, біз онсыз да қара жамылып, қайғы жұтып отырған шаңыраққа түсетін әлеуметтік ауыртпашылықты азайтамыз», — дейді Мақат ауданының бас имамы Біләл Сағындықов.

Осылайша, Мақат ауданының тұрғындары қаралы дастарқан кезінде жеміс-жидек, салаттар, тауық, балық, қазы, тәтті торт сияқты тағам түрлерін мәзірден мүлде алып тастады. Қазір мақаттықтар садақа дастарқанына мүфтият ұсынған мәзір түрін қабылдады.

Мәзірде: бауырсақ, жеті шелпек, нан, құрма, мейіз, қаймақ немесе сары май, тары-талқан, бір ыстық тағам бекітіліп отыр.

Дін мамандарының айтуынша, марқұмды арулап көміп, ақтық сапарға аттандырғаннан кейін көбірек дұға жасап, Құран бағыштауға амал жасаған абзал.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button