Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

АТЫРАУДА ЦИФРЛЫҚ ӨНДІРІС ЗЕРТХАНАСЫ АШЫЛДЫ

Аtr.kz/19 сәуір, 2019 жыл. Атырауда заманауи жобаларды жүзеге асыру алаңы пайда болды.

Еліміздің мұнайлы астанасында «Заңғар» жобасын бірлесіп жүзеге асырып жатқан халықаралық жастар қоры, «Шеврон» компаниясы мен Атырау облыстық әкімдігі осыған дейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында жұмыс жасап келген «Fab Lab Atyrau» деп аталатын цифрлық өндіріс зертханасын биылғы жылдың ақпан айынан бастап «APEC Petrotechnic» Жоғары колледжінің ғимаратына көшіру жөнінде шешім қабылдады.

2016 жылы алғаш ашылған уақытынан бері бұл зертхана «Заңғар» жобасы шеңберінде ұсынылатын ғылым, технология, инженерия мен математика (STEM) саласындағы білім беру бағдарламаларын дамыту мүмкіндіктерін айтарлықтай ұлғайтты. Ал, мұның өзі «Шеврон» корпорациясы қолға алған «Атырау жастарын дамыту» бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады. Шын мәнісінде, «Fab Lab Atyrau» жастардың ең заманауи құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, өз жобаларын дайындап, іске асыруына мол мүмкіндік туғызған республикамыздағы бірден бір орталыққа айналды, десек артық емес.

Осы жылдардың ішінде, атыраулық талапты жастардың қатысуымен көптеген керемет жобалар өмірге келді. Олардың қатарында, көру және есту жүйесінде ақауы бар адамдардың түрлі түстер мен дыбыстарды айырып, анықтауына мүмкіндік беретін құрылғыларды, қауіпті орталарды зерттеуге арналған қашықтықтан басқарылатын роботтар және басқаларын атауға болар еді. ­– «Fab Lab Atyrau» ­- өзіңнің теориялық біліміңді тәжірибе жүзінде сынаудың және барлық құрылғылардың қалай жұмыс жасайтындығын көзіңмен көрудің тамаша мүмкіндігі, таптырмас орны,-дейді өзінің тобындағы Бек Қалиевпен (№ 16 Ж.Қаражігітов атындағы орта мектептің түлегі) бірге электрлі мүгедек арбасын құрастырып шығарған қаладағы № 34 лингвистикалық гимназияның түлегі Диас Өмірбеков.

Бұдан бөлек, аталған зертхананың портативті сипаттамасы (яғни құрал-жабдықтардың басым бөлігінің тасымалдауға ыңғайлылығы) жаңа жобаларды ойластырып, жүзеге асыру үрдісіне облыс орталығындағы ғана емес, аудан мен ауылдағы жастарды қатыстырып, тартуға мүмкіндік беріп отыр. Бір артықшылығы, осыған дейін (университет ғимаратында болған кезде) бар болғаны 65 шаршы метр аумақта орналасқан зертхана жаңа жерде ауданы 300 шаршы метрден асатын орынға жайғастырылған. Мұның өзі, біріншіден оның мүмкіндіктерін пайдаланушылардың қатарын көбейтсе, екіншіден, қойылатын жабдықтардың санын арттыруға жол ашты. Олардың қатарында сандық бағдарламалық жүйемен басқарылатын үлкен фрезерлі станокты, лазерлі кескіштерді, 3D принтерлері мен металл жону қалыбын атауға болар еді.

«Шеврон» компаниясының өкілі Анар Нұрбаева  бұл кәсіпорынның  инновациялық бағдарламалар мен әріптестікке қолдау көрсетіп отыруға әркез әзір екендігін мәлімдеді. Сол себепті де, компанияның Қазақстанда тұңғыш рет Атырауда ашылған «Fab Lab Atyrau» цифрлық өндіріс зертханасының аумағын ұлғайтумен бірге мүмкіндігін молайтуға мүдделі екендігін жеткізді. Ал, халықаралық жастар қорының өкілі Әсем Сәтмұхамбетова өз ойын былайынша түйіндеді: «Осындай әріптестік ­– біздің үнемі басшылыққа алатын негізгі қағидаттарының бірі. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында болған екі жыл жарым мезгілде «Шеврон» компаниясымен, Атырау облысы әкімдігімен бірлесіп ашқан зертханамыз жас дарындардың жаңа мүмкіндіктерін көрсетіп, әлеуеттерін танытуына, серіктес ретінде қызмет атқарып, заманауи жобалардың жүзеге асыруына септесті. Осынау үрдістің жаңа орында да жалғасын таба беретіндігіне бек сенімдімін».

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button