Атырауда тоқыма фабрикасы тоқырауға ұшырады…
Осыдан алты жыл бұрын Атырау қаласында алғаш рет тоқыма өнеркәсібі – Атырау жүн өңдеу және өнімдерін өндіру фабрикасы ашылды. Ол бүгінде «Каспий Лана Атырау» ЖШС-інің иелігінде. Шикізатты пайдаға асыруға, сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беретін жоба болашағынан зор үміт күткізген. Алайда, сенім толық ақталмады. Қазір фабрика банкроттың аз-ақ алдында тұр. Мұның себебі неде?
2014 жылдың желтоқсанында Жылыой ауданындағы «Достан Ата» шаруа қожалығы жəне «Атырау» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясының құрылтайшылығымен құрылған бұл кəсіпорынның жобалық құны 2,4 млрд. теңгеден бағаланды. Бастапқыдағы өндірістік қуаты жылына 350 тонна қой жəне 100 тонна түйе жүнін өңдеп, жалпы көлемі 400 мың қума метрге дейін (кейіннен оны 600-700 мыңға дейін жеткізіп) тоқыма өнімдерін шығару болатын.
Кəсіпорынның жұмысы негізінен екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте қой мен түйе жүні жуылып, тазаланып, екі қайтара өңдеуден өтеді. Одан соң иіріліп, түрлі өлшемдегі жылы жамылғылар мен көрпе-төсемдер шығарылады. Сапалы өнімдер жекелеген тұтынушылардың ғана емес, көптеген кəсіпкерлер мен компаниялардың да ерекше қызығушылығын туғызды. Мұнда шығарылатын бұйымдардың бағасы да базар бəсімен салыстырғанда анағұрлым арзан, сұраныс та жоғары еді. Фабриканың өнімдері Қазақстанның нарығымен шектеліп қалмай, ТМД мен бірқатар Еуропа елдеріне де шығарылып жүрді.
Сонымен бірге, тоқыма өнімдері қаладағы «Байзар» сауда орталығы арқылы да сатылатын.Өкінішке қарай, бүгіндері мұның бəрі көзден бұл-бұл ұшып, құрдымға кеткендей. Отандық жеңіл өнеркəсіпті өрге сүйрейді деген кешен енді қаңырап, бос қалғалы тұр. Бес жылда фабрикада небəрі 210 тонна шикізат өңделген. Оған өнімді шығару мен шикізатты жеткізудегі қиындықтар себепші болыпты. Осының салдарынан фабрика жобада қарастырылған өндірістік қуатының 30 пайызын ғана пайдаланған. Жұмыс жасайтын адамдардың саны да айтарлықтай азайыпты. Мұны кəсіпорын басшылары да растайды.
Қаржылық қиындықтар қол байлауда
Салтанат МҰХАМБЕТОВА, тігін цехының меңгерушісі:
– Бүгінде мемлекеттен бұрынғыдай үлкен тапсырыс берілмейді. Соған байланысты қаржылық қиындықтар туындады. Айлығымызды да мезгілінде ала алмай қаламыз. Оның үстіне, зейнетақы, міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарналар мен салықтық (бюджеттік) түсімдері кешіктірілетін кездер болады. Осының бəрі қалыпты жұмыс жасауымызға кері əсерін тигізіп отыр.
Атқаратын жұмыс ауқымы азайып, жалақы төлеу мүмкіндігі шектелгендіктен қызметкерлердің дені жұмыстан кетті, қазір бізде санаулы адам ғана қалды. Бастапқы кезде фабрикада өңделген қой мен түйе жүнінен 10-нан астам тоқыма бұйымы дайындалып, тұтынушыларға ұсынылды. Былтырдан бері шикізаттың тапшылығы мен тапсырыстың жоқтығынан кəсіпорын қалыпты ырғағынан жаңылып, жағдайы нашарлап отыр.
Жоба қолға алынған кезде оған салынған инвестицияның (2,4 млрд. теңге) 49 пайызы немесе 1,6 млрд. теңгесі «Атырау» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы арқылы тартылған еді. Яғни, бұл кəсіпкерлікті қолдап, қаржыландыру үшін қарызға берілген мемлекеттің ақшасы. Ал, ол қалай да қайтарылуы тиіс.Тендерге қатысқанымызбен одан да нəтиже болмай тұр.
Шешімін күткен мәселелер
Марат ҚАППАРОВ, «Атырау» ƏКК» АҚ активтерді, еншілес жəне тəуелді мекемелерді басқару департаментінің директоры:
– Өндіріске ең алдымен керегі – шикізат. Ал, бүгінде жүн тапсыратындардың саны өте аз. Бұған пандемияның да əсері бар. Қазір өндірісте біраз қиындықтар туындауда. Бұған дейін сырттан келіп жұмыс жасап жүрген мамандар індеттің кесірінен елдеріне кетіп қалып, оралмады. Барының өзін ұстап тұруға жағдай келмей тұр.
Шындығына келгенде, кез келген кəсіпкер мемлекеттен бір мəрте көмек-қолдау алып, аяғынан тұрғасын көшті өзі алып кетуі тиіс. Əйтсе де, мына жағдайда ол мүмкін емес. Жұмысты мүлдем тоқтатып, кешенді жауып тастауға жəне хақымыз жоқ. Тығырықтан шығудың бірден-бір жолы – қалай еткенде қарыздан құтылу, сосын осы тұйықтан жол тауып, істі əрмен қарай жалғастыруға қауқарлы инвестор табу, яғни қаржы көзін іздестіру.
Мұның сыртында, серіктестіктің коммуналдық қызметтер үшін бережағы бастан асады. Бір ғана «көгілдір отын» үшін газбен жабдықтау мекемесіне берешегі 3,5 млн. теңгеге жетсе, өзгелері де əзірге «жабулы қазан» күйінде. Егер мəселе таяу арада шешімін таппаса, өңіріміз үшін ғана емес, еліміз үшін маңызды кешеннің жұмысы тоқтап қалу қаупі де жоқ емес.
Дəулетқали АРУЕВ