Халық жазушысына құрметіміз кемшін бе?

fghjkl 1 Қоғам

«Зейнолла Қабдолов көшесі Атырау қаласының қай ауданында орналасқан?» Иә, осы сауал бізді бұрын жиі мазалайтын. Ғалымның атына Атырау қаласынан үлкен бір көше атының берілгенін білетінбіз. Бірақ, нақты қай аралықта орналасқанын табу бастапқыда қиын болды. Жалпы өзіміздің жерлесіміз, академик, Қазақстанның халық жазушысы Зейнолла Қабдолов атын біз облыс орталығының орталық көшелерінен іздейтінбіз. Ақыры ғаламтордан іздеп тауып, жүріп өткенімізде көңіліміз құлазып сала берді.

ЖӨНДЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ЖОЛ

Қазір Атырау қаласындағы Зейнолла Қабдолов даңғылымен жиі жүреміз. Шынымен де, бұл көшенің «даңғыл» деген дардай аты ғана бар. Зекеңнің өзі көзі тірісінде пір тұтқан Мұхтар Әуезов көшесімен қиылысатын тұсы «көше» деген атқа сәйкес келеді. Себебі ол жерде «Атыраумұнайөңдеузауыты» ЖШС мен оған мердігер кәсіпорын-мекемелердің өндірістік кеңселері орналасқан. Ал, даңғылдың өзге жерлерінің дал-дұлы шығып жатыр. Даңғыл түгілі көше деп айтуға ұяласың. Атырау қаласының картасына қарасаң бұл жерді бадырайтып тұрып «проспект Зейнулла Кабдолова» деп жазып қойған және даңғылдың бойындағы жақтауларға да «Зейнолла Қабдолов даңғылы» деп жазылған үш тілдегі тақтайшалар ілініп тұр. Өткен желтоқсанда академик-жазушының 95 жылдығын атап өттік. Сонда Астана мен Алматы қалаларынан келген қонақтар Зейнолла Қабдолов даңғылын көргісі келіп, іздеді ме екен деген ой да келеді. Әрине, сұраған да болар.

Егер шынымен де қаласа, онда ең алдымен, сөз жоқ, атақты академик есімін қаланың ішінен, әсіресе облыс орталығының көрнекті жерінен көргісі келгені рас. Өкінішке қарай, олай емес. Академикке атақ өз Атырауының ортасынан емес, шеткі бөлігінен тиген. Дәлірек айтқанда, Зейнолла Қабдолов даңғылы – Атырау қаласының шығыс жақ бетіндегі өндірістік аймақта орналасқан. Бұған қарап, көзге көрінбейтін түптегі көшенің академик-жазушының айдай атағының арқасында «даңғыл» деген дардай атқа ие болып тұрғанын аңғару қиын емес.

«ДАҢҒЫЛ» ДЕГЕН ДАРДАЙ АТЫ ҒАНА

Жолаушылап жүрген жан, сөз жоқ, қаланың асфальт жолдарына назар аударады. Жүргізушілер де тас жолдың сапасына қарап біз «даңғыл» деп дабырайтып жазып жүрген көшенің қандай екеніне баға береді. Ал, жерлесіміз Зейнолла Қабдолов даңғылына қарап тұрып, жақсы пікір айта алмас едік. Бұл жағынан бізге қызарып, төмен қарауға тура келеді. Даңғылдағы тасжолдардың жөндеу көрмегеніне қанша жыл болғанын болжау қиын. Рас, өткен жылдары жолшылар «ямочный» деп ат қойып жүрген жеңіл-желпі жамап-жасқау жұмыстарының жасалғанын көрдік. Бірақ, оның барлығы биылғы қыста жауған қалың қармен бірге еріп кетті. Ол аз десеңіз, жайына келе жатқан темір тұлпарларды шортандай шоршытып қойған қосымша шұрқтесік шоқалақтар да пайда болды. Соның кесірінен мұнда айдың-күннің аманында соқтығысып жатқан көліктер көп. Осыдан-ақ даңғылдың жай-күйін біле беріңіз!

Мүмкін, қала басшылары Зейнолла Қабдолов даңғылын Атырау қаласының аумағына кіретінін алға тартар. Өйткені, оның бір шетінде «Химпоселок» шағынауданы орналасқан. Десек те, Құрсай ауылына дейінгі бір шеті далалыққа барып тіреледі. Орта тұсында «АМӨЗ» ЖШС, «АтырауЖылуЭлектр орталығы» АҚ мен өзге кәсіпорын-мекемелердің өндірістік базалары орналасқан. Даңғыл арқылы күні-түні ауыр жүк көліктерінің ерсілі-қарсылы ағылып жататыны жоғарыдағы сөзімізді айғақтай түседі. Олар онсызда тозығы жеткен тасжолды тапап, одан бетер бедерін кетіруде. Бұған қарап, бұл көше – даңғыл емес, қала үшін өндірістік аймақтың еншісіндегі айналма жол дерсің. Өндірістік аймаққа жататын көшелерді қанша абаттандырсаң да сәні кірмейтіні белгілі. Қолқаны қапқан иіс, ауаны тұмшалаған түтін, зауыт пен техниканың шуылы бар.

Жалпы даңғыл атына заты сай болуы керек емес пе?! Қала көшелеріне ұқсап гүлзарлар орналасып, екі жағы жасыл желекке оранып тұруы тиіс. Мұнда ондай қала мәдениетіне тән нәрсенің бірі жоқ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жерлесіміз, академик, Қазақстанның Халық жазушысы Зейнолла Қабдолов даңғылын Атырау қаласының орталық көшелерінің біріне көшіру керек. Былтыр 95 жылдығы аталып өткен Зекеңнің құрметіне бұл мәселе тезірек шешімін тапқаны абзал. Оған негіз де жоқ емес. Ономастика туралы заңдылық талаптарына сәйкес, кез келген көшеге берілген атақты 10 жылдың ішінде қайта қарауға мүмкіндік бар. Бұл іске бүгіннен бастап бел шеше кіріспесек, 2026 жылғы Зейнолла Қабдоловтың 100 жылдығын тағы қаланың өндірістік аймағындағы даңғыл бойында қарсы алып қалуымыз ғажап емес.

Ендеше, ел мақтанышының есімін қала орталығына көшіріп, академик ағамыздың атын ортамызға алғанымыз абзал!

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз