
Атырауда “Таза Қазақстан – жасыл болашақ” эко карнавалы өтті
1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай және 5 маусым – Қоршаған ортаны қорғау мен экологтар күні аясында Атырау облысы бойынша экология департаментінің ұйымдастыруымен ерекше форматтағы экологиялық шара – “Таза Қазақстан – жасыл болашақ” атты эко карнавал өтті.

Эко карнавалдың басты мақсаты – жас буынға қоқыстың қоршаған ортаға тигізер зиянын түсіндіріп, оны сұрыптау мәдениетін ерте жастан бойға сіңіру. Сондай-ақ, бұл шара арқылы балаларға қоқысты сұрыптау – үлкен жұмыс емес, әр адам оны өзінен бастауы қажет екенін тәжірибе жүзінде көрсету көзделді. Егер қалдықтар түріне қарай бөлек жиналса, табиғатқа келер зиянды айтарлықтай азайтуға болатынына назар аударылды.

Шараға Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, “АтырауЭко” бірлестігі, еріктілер мен мектеп оқушылары қатысты. Қатысушыларға қалдықтардың түрлері көрсетіліп, оларды қалай дұрыс сұрыптау керектігі жөнінде мамандар кеңес берді. Балалар тек теориялық білім алып қана қоймай, оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алды.

Шараның көңілді әрі қызықты өтуі де назардан тыс қалмады. Балалар экологиялық тақырыпта түрлі түсті борлармен сурет салып, шығармашылықтарын көрсетті. Мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында жәрмеңке ұйымдастырылып, балаларға тәттілер таратылды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН