Атырауда тапшы дәрілер заңсыз сатылған (+ВИДЕО)
Atr.kz / 7 шілде, 2020 жыл. Атырауда косметологиялық клиника тапшы дәрі-дәрмекті заңсыз сатқан.
Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті полиция және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттерімен бірге өткізген рейд кезінде өмірлік маңызы бар тапшы дәрі-дәрмекті еселенген бағамен сату дерегін анықтаған. Департамент таратқан мәліметке сәйкес, қаладағы жеке косметологиялық клиникада бірнеше дәрі-дәрмек лицензиялық құжатсыз әрі заңсыз сатылған.
Оның ішінде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың туыстары таба алмай жүрген азитромицин мен ингавирин секілді қат дәрі-дәрмек болған. Клиникадан 636 орама парацетомол, 1519 дана цефтриаксон, 1000 орама ацетилен қышқылы, 233 ампула лидокаин, 12 орама цитрамон, 3 орама азитромицин, 117 ампула дексаметазон және өзге де дәрі-дәрмектің 5 мыңнан астам данасы табылған. Қазір аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 214-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұған дейін Атырауда дәрі-дәрмек бағасын көтерген дәріхана лицензиясынан айырылатынын жазған болатынбыз.