Атырауда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Дешті қыпшақтың тарихи тұлғалары: Бейбарыс және оның кезеңі» атты Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Мерейтой аясындағы іс-шаралар бүгін пленарлық мәжіліспен басталып, 5 қазанға дейін жалғасын табады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиынға Қазақстандағы және Египет, Ресей Федерациясы, Өзбекстаннан тарих, археология, этнология филология, шығыстану, мәдениеттану салаларының ғалымдары қатысты. Конференцияда Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев облыс әкімі Серік Шәпкеновтің атынан құттықтау сөз сөйледі.
— Дешті Қыпшақ даласының перзенті Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығына арналған «Дешті қыпшақтың тарихи тұлғалары: Бейбарыс және оның кезеңі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Атырау облысы әкімі Серік Шәпкеновтің және өзіміздің атымыздан қош келдіңіздер. Мысыр елін 17 жыл бойы билеген, мамлюктер мемлекетінің негізін қалаушы бабамыз Бейбарыс Дешті қыпшақ даласынан, оның ішінде осы Атырау өңірінен көптеген зерттеулер жазып қалдырған. Египет пен Қазақстан сынды екі елге ортақ тұлғаның тарих ғылымындағы орнын айқындап және оның мұрасын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттап, 800 жылдығын жоғары деңгейде өткізу біздің парызымыз деп білеміз.
Осыған орай Атырауда ұйымдастырылып жатқан мерейтойды кең көлемде атап өту үшін арнайы іс-шаралар өткізілуде. Айта кетейік, бүгінгі халықаралық конференция осы апталықтың алғашқы шарасы болып табылады. Мерейтой аясындағы іс-шаралар Египет Араб Республикасында да жалғасады. Дешті қыпшақ даласының елдері аты әлемге танылған Бейбарыс Сұлтан туралы соңғы мәліметтерді зерттеп, ғылыми айналымға енгізу, сондай-ақ шетелдік ғалымдармен ғылыми және мәдени байланыстарды нығайту үшін ұйымдастырылып отырған конференцияға қатар отандық ғалымдарымыз қатысып отыр. Конференция жұмысына сәттілік тілеймін! – деді Қ.Нұртаев.
Іс-шараға қатысушы Мансура университеті, Ислам және копт археологиясының профессоры, Туризм факультетінің деканы, доктор, мәмлүктанушы Мұхаммед Ахмед Абдел Латиф Ибрахим алдағы уақытта Б.Сұлтанның мешіттеріне 7 жерге арналған туризм өткізу жоспарланып отырғанын айтып өтті.
-Алдымен осы конференцияға шақырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. С.Бейбарыстың 800 жылдығына орай Қазақстанға келгеніме өте қуаыныштымын. Ол туралы айтатын мәліметтер өте көп. Ерекше тоқталып кететін мәселе — С.Бейбарыс тек Мысырды ғана қорғап қалған жоқ, ол ислам дінін қорғап қалды. Сондықтан да біздің оған құрметіміз шексіз. Кездесулер конференциямен ғана тоқталмай, әлі үлкен жобалармен жалғасын табады деген ойдамын. Осы конференциялар арқылы Египет және Қазақстан елшілерімен бірлесіп Б.Сұлтан мен мәмлүктер жайлы алдағы уақытта саяхат жоспарлаудамыз. Ол жерде архитектуралық ескерткіштер мен қайта реставрация жасалған Б.Сұлтанның мешіттеріне 7 жерге арналған туризм ұйымдастырылады. Музейлердегі сол кезеңнен қалған қару-жарақ құралдары, киім-кешектер және басқа да мұралары қалған жерлерді аралаймыз, — деді Мұхаммед Ахмед Абдел Латиф Ибрахим.
Айта кетейік, конференцияның панелдік отырысында үш бағыт талқыланды. Олар: Б.Сұлтанның тұлғасының зерттелу тарихы мен тарихнамасы және оның тарихи ортасы археология, этнография және ескерткіштану (архитектура) материалдары бойынша, Б.Сұлтанның әскери істегі, дипломатиядағы және әлемдік тарихтағы тұлғасы. Сондай-ақ, конференция оффлайн-онлайн форматында өтіп жатыр.