«Жүйелі жұмыстар жолға қойылған…»

бугинги кун такырыбы Жаңалықтар

Міндетті медициналық сақтандыру. Бұл денсаулық саласына қатысты кезекті реформа болғанымен, жаңа бағыттан күтілер үміт мол. Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның сапалы қызмет пен білікті маманның ем-домын алуына кепіл болмақ. Десек те, халық арасында әлі де болса осы тақырыпқа қатысты сауалдар жеткілікті. Осы орайда Атырау қалалық №7 емхананың бас дәрігері Сағытжан Айдарәлиевпен жедел сұхбат құрған болатынбыз. 

бугинги кун такырыбы

Сағытжан Жанғылышұлы, ең алдымен, медициналық сақтандыруға көшудегі басты мақсат қандай? Осы туралы тоқтала кетсеңіз.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – уақыт талабы. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі.

Ұлт денсаулығын сақтау – мемлекет назарындағы басты мәселе. Сондықтан, медицина саласындағы бұл реформа халықтың денсаулығын жақсартуға, емханадан сапалы медициналық көмек алуға және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталған. Міндетті медициналық сақтандыру медициналық жәрдемнің сапасын бақылауды қарастырады, оның мақсаты – міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасымен және медициналық жәрдемнің қолданыстағы стандарттарымен кепілденілген көлемде, сапада және шарттарда медициналық жәрдем алуға азаматтардың (сақтандырылған) құқықтарын қамтамасыз ету.

– Бәсекелестік бар жерде сапа да жақсарады дейсіз ғой…

– Әрине. Әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу үшін қажетті үдерістер денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында дайындалған.  Бұл өз кезегінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелер арасында емделуші үшін бәсекелестік тудырып, көрсетілетін қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

– Бұл бағытта сіз басқаратын ұжым қандай нақты жұмыстар атқаруда?

– Халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру, көптеген ауруларды алдын ала анықтау, яғни профилактикалау, сонымен қатар, денсаулықты жоғары бағалау керек екенін түсіндіру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге бағытталған шараларын орындау және қадағалау, түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында біздің емханада бес медицина қызметкерінен топ құрылды. Аумақтық халықты тіркеу компаниясы жүргізілуде, оның ішінен жарна төлемдерінен босатылатын 15 санаты анықталуда.

– Осы жұмыстарды жүргізу бағытында мамандардың, яғни дәрігерлердің де  біліктілігін арттыру жайы қолға алына ма?

– Дұрыс айтасыз, сапалы жұмыс жүргізу мақсатында бұл іс-шаралар да ойластырылған. Медициналық сақтандыру реформасына орай дәрігерлер «Медициналық сақтандыру» тақырыбында кәсіби білімдерін жетілдірді. Медиа жоспары бойынша медицина қызметкерлер арасында «Өзіңді сақтандыр» атты «дөңгелек үстел» өтті.

– Сіз басқаратын емханаға тіркелушілер саны көп, қамту аймағының үлкен екені белгілі. Бұқараға бұл жаңашылдықты түсіндіру бағытындағы жұмыстар кең ауқымдылықты қажет ететіні сөзсіз…

– Иә, ол да рас. Нақты жоспарлы жұмыстармен қатар, емханаға келушілерге мол мағ-лұмат беру мақсатында ғимаратымыздың ішінде де арнайы шаралар жүргізілді. Мәселен, емделушілердің назарына ақпарат тақталары емхана ғимаратының А және Б корпустарында орналасқан,  жаңаланған қазақша және орысша нұсқада емхананың күту залдарында, күндізгі ауруханада, әйелдер бөлімшесінде бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен қатар, емханаға тіркелген мектеп оқушыларының арасында, емханаға қабылдауға келген емделушілерге учаскелік және жауапты дәрігерлер сұрақ-жауап, сауалнама жүргізіп, буклеттер таратып, түсінік жұмысын жалғастыруда. Әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру, ең алдымен, халықтың мүддесі үшін қажет.

– Емхана тіркелушілерінің көкейіндегі сауалдарына жауап алу үшін кері байланыс жүйесі қаралған ба? 

– Әрине. Бұл жүйенің негізгі мақсаты мен міндеттері, қағидалары жөнінде емхананың www.7clinic.kz сайтынан, 46-73-93 анықтама бюросынан, тіркеу бөлімінің 46-73-88, 46-62-81, 46-74-53 телефондары арқылы қосымша ақпарат алуға болады.

– Рахмет!

Гүлжан

әмірова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз