Атырауда шетелдіктер түскі үзілісте асық ойнайды
Қазақтың асық ойыны төрт жыл бұрын ЮНЕСКО-ның шешімімен «Адамзаттың материалдық емес мұралары» тізіміне енгізілген еді.
Енді асық ойынына Атыраудағы компанияларда жұмыс істейтін шетелдіктер қызығушылық таныта бастады. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-нің қызметкерлері түскі үзілісте асық ойнайды, ләңгі тебеді. Түскі үзілісті дәл осылай көңілді өткізуді кәсіпорынның Үкімет және жұртшылықпен байланыс бөлімінің менеджері Хамиш Полс ұсынған екен. Менеджердің бұл ұсынысы әріптестерінің тарапынан қолдау тауып отыр.
«Қазақстан – тарихы бай ел. Қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрі баршаны қызықтырады. Әсіресе ұлттық, ойындарының жөні бөлек. Соның ішінде асық ату ойыны – дәлдік пен ептілікке, шеберлікке үйрететін таптырмайтын әдіс. Ләңгі тебудің де өзіндік қызығы бар. Мұндай ойындар, біріншіден, адамның сергек жүруіне оң әсерін тигізеді. Екіншіден, әріптестер арасындағы корпоративтік байланысты нығайта түседі», -дейді Хамиш Полс.
Қазір шетелдіктер асық атып, ләңгі тебу үшін түскі үзілісті асыға күтеді. Олар аталған ойындарды бір-біріне үйретіп жүр. Тіпті шетелдіктер тоғызқұмалақ ойнауға да бет бұрып отыр.