ҚАНАТЫМЕН СУ СЕПКЕН ҚАРЛЫҒАШТАЙ

Дәрігерлер әулеті. Бүтіндей бір әулеттің үлкені мен кішісі өздерін денсаулық сақтау ісіне арнапты. Ақ Жайық жағасындағы аймақта ағайынды Шанаевтарды білмейтін адам жоқ десек, қателеспеспіз. Олардың бұл саладағы дәрігерлік қызметіне қырық жылдан астам уақыт болыпты. Осы жылдар ішінде олар өздері қалаған мамандықтың қыр-сырын игеріп, халықтың алғысына бөленді. Қазіргі таңда Шанаевтардың ұл-қыздары да ата-анасының ізін басып, жолын қууда.

 

Адам жанының арашашысы болатын жанға керекті қасиеттерді бойларына жинай білу де оңай емес. Сарғайып, өзін күтіп жатқан науқастарға мейіріммен қарау, тіптен өзін- өзі ұмытып, жаны қалаған мамандыққа адал болу – адамды биік белестерге жетелейтін мақсат пен міндет. Біз Атырау қаласындағы көз аурулары ауруханасының дәрігері Толағай Шанаевты сөзге тартқан болатынбыз. Облысқа атағы жайылған көз дәрігерімен әңгімеміз төмендегіше өрбіген еді.

Толағай Зинетұлы, уақыт жүйрік деп жатамыз. Сағымға оранып соңда қалған кездердің елесін ойда тірілтсек? Неліктен дәрігер болуға бел будыңыз?

– Әлбетте, өмір жолымызға ойша оралар болсақ, осы қалада оқыдым. Сонау жетпісінші жылдардың басында орта мектепті тәмамдадым. Біздің замандастарымыз мені құптар деп ойлаймын, сол кездегі бозбалалар мен бойжеткендердің ең бір жақсы қасиеті – кітапқұмарлық болатын. Кітап рухани қазына екені рас. Ол тәрбие құралы да. Біз де сол оқыған кітаптарымыздағы жағымды кейіпкерлердің қасиеттері бойымызда болса екен деп армандап өскен ұрпақпыз. Сондықтан шығар, ақ желең киген дәрігер болып, халықты сырқатынан емдеп жаза алсам, шіркін, деп ойға берілетінмін.

 Адам алдына мақсат қойса, оған жететіні ақиқат. Талапсыз, ұмтылыссыз адам өмір сүре алмайды. Сол асқақ арманның соңынан еріп, Ақтөбе медициналық институтына құжат тапсырдым. Жолым болып, оқуға қабылдандым. Оқуымды 1977 жылы бітіріп, елге оралдым. Еңбек жолымды Махамбет аудандық ауруханасынан бастадым . Сол жерде 1994 жылға дейін қызмет еттім. Менің жалын атқан жастық шағымның, алғаш орындалған армандарымның куәсі болған Махамбет ауданы – мен үшін өте ыстық та қымбат жер.

Бүгінгі таңда көз аурулары белең алып бара жатыр. Бұрындары көз ауруымен жастар өте сирек ауыратын. Көзі ауырып, қараламын дейтіндер қариялар болушы еді. Ал, қазір мүмкін, ластанған ауа райының әсерінен шығар, тіпті, жас балалардың арасында көз ауруы көбейіп бара жатқан іспетті. Маман ретінде Сіз қалай ойлайсыз?

– Көз аурулары жастар мен балалар арасында көбейіп отырғаны рас. Мұның бір себебі қоршаған ортаның әсері болса, екіншіден ғылыми-техникалық революция ғасырында өмір сүріп жатқандығымыздан. Компьютер, ноутбук, телефон, ақпараттың мобильдік жүйесі жаман емес, әрине! Алайда, көзге қорғаныш құралдары керек. Ұзақ уақыт компьютер алдында ойын ойнау, телефонмен шұғылдану, әртүрлі фильмдерді үзіліссіз қарау жанарды шаршатады, әлсіретеді. Сөйтіп, көз қызарады,басқа да ауытқушылықтар болады. Сондықтан, бәріне шектеу қойған жөн. Уақытпен белгілеп, белгілі бір режимге бағындырып қолданған дұрыс дер едім.

Сіздің осы кәсіби шеберлікті игеру жолында, жоқтан бар жасап дегендей, қиындық пен бөгеттерді жеңіп, өзіңізге де шыңдалу мектебінен өттім деген сезім қалыптастырған кезіңіз туралы айта отырсаңыз?

– Шындығында да кәсіби шыңдалу үшін уақыт, тәжірибе керек екені рас. Махамбет ауданында қызмет жасаған кезімде қолымызда ең болмағанда микроскоп жоқ еді. Қолдан құрастырып микроскопқа ұқсас аппарат жасадық. Қолымыздағы құрылғыларды пайдаланып, жоқтан барды құрадық. Әрине, бәрі де адамдардың денсаулығы үшін болатын. Аудан орталығындағы тұрғындарды қамтып қана қоймай, ауылдарды аралайтын едік.

Мәселен, жазда, аптап ыстықта шөп шауып жүрген тракторшылар қосынын аралап, сол жерден дәрігерлік тексеруден өткізіп жүрдік. Немесе жазғытұрым, қойлар қоздап жатқанда сақманшыларды аралайтынбыз. Олар – алыс ауылда тұратын еңбек адамдары. Аудан орталығына келе алатын мүмкіндіктері жоқ. Сол кездерде күрделі оталарды да аудандық ауруханада жасадық. Қазір ойлап қарасам, осы істер үлкен ерлік сияқты. Көптеген адамдардың көздері сауығып, алғыс ар-қаладым.

Мұның бәрі де өз мамандығыңа беріле қызмет жасаудың, адамдарды сүюдің арқасы. Ұлы Абайша толғасақ: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті»,-дейтіні бар емес пе? Әйтпесе, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп»… Бұл да Абай. Сол кездерді қазір сағынып кетемін.

 Алматыдан көз институтынан көшпелі амбулатория келіп, ауылдарды аралап жүріп, ота жасадық. Сол кездегі басшылар Махамбет ауданының орталығынан клиника саламыз деп ынталанды. Сол бір қабатты құрылыс әлі де тұр. Аспирантураға да шақырды. Алайда, бауырлар, бала-шаға деп жүріп кенжелеп қалыппыз.

– Көптеген адамдар Сізді алыстан іздеп келіп жатады. Отаны да тек өзіңізге жасатамыз деп армандайтын сырқаттарды кездестіріп жүрміз. Осыншама халықтың алғысын арқалау оңай емес шығар?

– Қайдан оңай болсын?! Соншама жерден іздеп, ат сабылтып келгенде дұрыс емдей алмасақ, сын болады. Әрі бұл дегеніңіз халықтың артқан сенімі . Сенім артылған екен, оны ақтау қажет. Дәрігерлерге, әсіресе, көз дәрігеріне қателесуге болмайды. Өзіңіз ойлап көріңізші, «мың күнгі жұмақтан, бір күнгі жарығым артық» дейтін халықтың ұрпағымыз ғой. Сонымен қатар, көз – жан-дүниенің де айнасы. Сондықтан, оған жауапкершілікпен қарауды өзімнің дәрігерлік парызым деп санаймын.

 Сонау жетпіс жетінші жылдан бастап, қанша адамның көзін сауықтырдым, қанша адамның көзіне ота жасап, жарық дүниені қайта көруіне көмегімді тигіздім. Мен сол үшін қуанамын. Қазіргі кезде адамдардың жан күйзелісі көбейіп бара жатқан қатал заманда адамдарды бір сәтке болса да қуанта алсам, соның өзі менің бір міндетімнің орындалғаны деп түсінемін. Жалпы, адам жанын түсінудің өзі де үлкен талант екені рас.

Мұқағалиша айтқанда :

«Біреулер қырдың қызыл түлкісі дер,

Момындар біздің үйдің кірпіші дер.

Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,

Менің нәзік жанымды кім түсінер?» Иә, мені халық іздеп келеді, операция үстелінде жатып, : -Толағай бар ма?- деп іздегенін естігенде толқитыным рас. Скальпельді жаңа ұстап тұрғандай күй кешемін. Халықтың махаббатына махаббатпен жауап беру қажет.

Отбасыңызды дәрігерлер әулеті десек, қателеспейтін шығармыз. Ұл-қыздарыңыз мамандықтарын өздері таңдады ма, немесе өзіңіз жол сілтедіңіз бе?

– Шындығына келсек, бауырларым да ақ желеңді дәрігер атын абыроймен алып жүргеніне қуанамын. Біздің осы мамандықты қалауымызға тікелей әкеміз Зинет Шанаев әсер еткен еді. Ол кісі Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Соғыс кезінде госпитальда, хирургтың жанында санитар қызметін атқарыпты. Майданда жаралылар өте көп, дәрігер мамандар жетіспейтіндіктен, кейде әкеміз хирургтің ассистенті болып, жедел операцияларға да қатысқан. Медицина терминдері мен құрал-жабдықтарын бір кісідей білуші еді. Халық арасына аты шыққан дәрігерлерді сүйсіне әңгімелеп, бізге үлгі ететін. Содан да болар, бауырларым да, өзім де науқас жанның алғысын арқалайтын дәрігер болуды қалағанбыз.

Інім Анатолий мен қарында-
       сым Рысты – гинеколог дәрігерлер болса, Нәсіп – медбике. Олардан тараған ұрпақ та біздің жолымызды қуғаны көңілімізді марқайтады. Арамыздан Тұрлан деген інім ғана инженерлік мамандықты таңдады. Халықтың алғысын алу, Гиппократ антына берік болу – өмірлік мұратымыз. Отбасыма келсек, жұбайым Лиза Қыдыржанқызы да дәрігер. Екі ұл, екі қызым бар. Үлкен ұлым Ғибатолла – мұнайшы. Екінші ұлым Дәурен – облыстық ауруханада хирург. Екі қызым Жанаргүл мен Данагүл – болашақ дәрігерлер. Данагүл тұрмыста. Күйеу балам да ақ халатты абзал жан атанып, сырқаттарды емдесем деген арманмен осы жолды таңдапты. Ұл-қыздарым да жұртына шипасын беретін дәрігерлік мамандықты өздері жандарымен қалады. Біз тек ата-ана ретінде олардың өздері қалаған мамандығының кәсіби шебері болуына тілеулеспіз.

 –Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңізге табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз