Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Атырауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қорытындыланды

Atr.kz/7 ақпан, 2020 жыл. Ақордада 5 ақпан күні  Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы  бойынша  атқарылған бір жылдық жұмысты қорытындылауға  арналып  ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиында 2019 жылы бағдарламаны іске асырудың нәтижелері мен алда атқарылатын жұмыстың жаңа басым бағыттары қаралды.

Ұлттық комиссия отырысына   селекторлық  тіке байланыспен Атырау облыстық әкімдігінде  облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Ж.Шапкенов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы М.С.Өтешев, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Ж.О.Бисембиев, жоғары оқу орындарының ректорлары, «Рухани жаңғыру» орталықтары жетекшілері, ғалымдар қатысуға  мүмкіндік алдық.

         «Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырылып жатқанына биыл үш жыл толады. Үш жылға жуық уақытта елеулі жұмыстар атқарылып, нақты жобалар жүзеге асырылды.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жақында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы ойшылдың еңбектері арқылы таралған рухани бағыттары осы бағдарламамен табиғи сабақтастық тауып отырғанын қоғамдық пікір қолдап отыр», — деді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ұлттық комиссия отырысын  ашып.

            Мемлекеттік хатшы өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өзінің өлшемдері бойынша нақты жобаларды іске асыруға бағытталған кешенді бағдарлама екенін атап өтті. «Соның нәтижесінде бүгін де бағдарлама заманауи қазақстандық мәдениет, озық білім, ғылыми зерттеу, археология және басқа да түрлі бағыттардың дамуына едәуір серпіліс беруде.

             Қазіргі таңда 6 бағыт бойынша 13 арнайы жоба іске асырылуда. Жасыратыны жоқ бірқатар жоба нәтижелі жүргізілсе, кейбірі көздеген межеден шыға алмай отыр. «Туған жер» жобасы аясында меценаттардың арқасында демеушілік қаражат есебінен 2019 жылы 60 млрд теңгеге жуық қаражат тартылды. Оның ішінде 889 нысан жаңадан салынды. 631 нысан күрделі жөндеуден өтті.

             Атап өту керек, қаржыландырудың ең көп көлемі Маңғыстау, Алматы, Атырау, Қызылорда және Ақмола облыстарының үлесінде. Бұл көрсеткіштер Қазақстандағы бизнес өкілдердің әлеуметтік жауапкершілігін көрсететеін байқатады», — деді ол.   

            Қырымбек Көшербаев сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша алдағы үш жылдағы іс-шараларды іске асыруға Үкімет республикалық бюджеттен 90 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге бөлініп, 711 жобадан тұратын 53 ауылдық елдімекенде 452 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. «Қалған жобалар еліміздің руханияты мен тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, білімі мен ғылымын тереңдету, таныту, зерттеу бағыттары бойынша жалғасуда», — деді Мемлекеттік хатшы.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өткен комиссия отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бағдарламаның 2020 жылға арналған жаңа жоспарын таныстырды,

            «Өңірлерде жобаларды сапасыз жоспарлау проблемасы бар. Нәтижесінде бастапқыда қойылған мақсат күткен нәтижеге сай келмей қалған тұстар кездесті. 2020 жылға арналған жаңа жоспар аталған проблемаларды ескере отырып жасалды. Мемлекеттік хатшымен бекітілген ол 122 бөлімнен тұрады», — деді Дәурен Абаев.

Министр өз сөзінде жаңа жоспарда көптеген шараның қысқартылғанын жеткізді. «Бөлімдердің санын екі есе қысқарттық. Сапа көтерілер деген сенімдеміз.

     Жоспар алда негізгі үш бағытта жүзеге асыруды көздейді. Біріншісі – жеке/тұлғалық/ даму. Екіншісі – ұлттық бірегейлікті сақтау мен халықаралық таныстырылым. Үшіншісі – мемлекеттің, азаматтық қоғам мен жергілікті қоғамдастықтардың дамуы.

   Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа жобаларын таныстырды.

«Атап айтқанда, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін дәстүрлі музыканы насихаттау бойынша жобалар, кәсіпкерлік сала мен ұлттық өнер түрлері бойынша, әлемдегі жаңа технологиялар тұрғысында, сонымен бірге балаларға арналған анимациялық жобалар баршылық. Дәстүрлі музыка мен күйлердің, Абай Құнанбайұлының шығармалары мен қазақстандық авторлардың 100 жаңа оқулығын алға жылжыту бойынша аудиоподкасттар әзірленеді», — деді Дәурен Абаев.

    Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстан туралы видеороликтер топтамасын әзірледік. Атап айтқанда, 7 ролик Қазақстанның өңірлерінің сұлулығына арналған. Видеороликтердің тағы бір парасы біздің елдің туристік, инвестициялық және экологиялық тартымдылығына арналған.  2019 жылы түсірілім жұмыстарымен республикалық маңыздағы үш қала, сонымен қатар төрт облыс – Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары қамтылды», — деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

    Осылайша, әрбір өңір бойынша жеке ролик әзірленеді. Осыған байланысты биыл түсірілім тобына қолдау білдіруді аймақ басшыларынан өтінсем деймін. Әсіресе, түсірілім жұмыстары үшін сәтті локация таңдауда көмек керек.

     ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аймақтық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сауранбаев «Туған жер» жобасына жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысын жариялады,

   «Туған жер» жобасы аясында 2019 жылы 14 мыңнан астам іс-шара өткізілді. 4 миллионнан астам адам қамтылды. 2019 жылы меценаттар есебінен 1 мыңнан аса әлеуметтік маңызы бар нысан салынды, 700-ден астам нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, ауылдар мен қалаларды дамытуға бағытталған жобалар іске асырылды. Қаржыландыру көлемі 60 млрд теңгеден асты», — деді ол

    Ақордада өткен жиында. Нұрлан Сауранбаев өз сөзін нақты мысалдармен атап өтті. Оның айтуынша, Ақмола облысында меценаттар балаларға арналған алаңдар салып, музейлерді жөндеп, көпбалалы және табысы аз отбасыларға көмек көрсеткен. Ал Қостанай облысында меценаттар жастардың, оның ішінде ауыл жастарының бәсекеге қабілеттігін арттыруға үлес қосып, 2019 жылдың қыркүйегінде мектепке 13,5 млн теңгеге компьютерлік техника сатып алып берген.

    Сол секілді БҚО-да «Болашаққа жолдама» жобасы іске асырылуда. Оның шеңберінде өңір кәсіпкерлері дарынды жастардың білім алуына көмек көрсетеді. Десе де, бөлім меңгерушісі «Туған жер» бағдарламасы бойынша проблемалардың барын да жасырған жоқ.

«Атап айтқанда, 2018 жылға қарағанда жоба бойынша қаржыландыру деңгейі 40 пайызға азайып қалды. Оның бір себебі – өңірлерде жобаларды тіркеу есебі сапалы түрде жүргізіле бастады. Сонымен қатар өңірлерде меценаттардың қаржы бөлу бойынша 2019 жылғы көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, ең көбі — Маңғыстау облысында (14 млрд теңге). Сол секілді Атырау өңірінде меценаттар 7 млрд теңге қаражат бөлген», — деді ол.

    ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Төлен Әбдік Әбу Насыр әл-Фарабиге елордада ескерткіш орнатуды ұсынды. «Әбу Насыр әл-Фараби – Аристотельден кейін екінші ұстаз атанған адамзат тарихындағы ең ғұлама адамдардың бірі. Онымен қалай мақтансақ та артық болмайды.

            Сондықтан, менің ұсынысым: осы мерейтой қарсаңында әл-Фарабидің ескерткішін  елордада орнатуға болады. Шетелден келгендер ескерткішке қарап, оны бірден танитын еді. Екіншіден, әл-Фарабидің мерейтойын ЮНЕСКО-мен қосылып өткізуге болады», — деді Төлен Әбдік Ақордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысында.

   Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне кіргенін атап өтті. «Парижде ЮНЕСКО-ның бас директорымен кездесіп, осы мәселенің бәрін нақтыладық. Абайдың да, Әбу Насыр әл-Фарабидің да мерейтойы, Шымкент қаласының 2200 жылдығы – бәрі ЮНЕСКО-ның қолдауы аясында өтеді», — деді ол.

     ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары  Маулен  Әшімбаевтың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда жастар тәрбиесіне басымдық берілуі тиіс. «Жастарға дұрыс болыңдар дей бергеннен нәтиже шыға ма деген сұрақ бар. Төлен ағамыз дұрыс айтты: жастарды тәрбиелеу үшін дұрыс құндылықтарды қалыптастыру керек. Сол себепті осы бағдарлама аясында дұрыс құндылықтар мәселесін жиі көтерсек, осыған басымдық берсек

   – Елбасының стратегиялық бағдарламасының жүзеге асырылуына үлкен бір үлес болады деп қабылдаймын. Осы тұрғыдан келген кезде дұрыс құндылықтарды не қалыптастырады? Ең біріншіден, көркем туындылар, телесериалдар, фильмдер, кітаптар мен жақсы лекциялар керек. Сондықтан, биыл да, келер жылдарда да көркем туындылардың сапасына көбірек көңіл бөлу керек секілді. Мысалы, алда әл-Фараби туралы да, Абай жайлы да фильмдер түсіріледі.  Осындай туындылардың бәрін пысықтап, керек болса комиссияда талқылап алуымыз керек», — деді ол.

   Мәулен Әшімбаев Абай жайлы фильм немесе телесериал түсірсек, «толық адам» концепциясын түсіндірерлік деңгейде еңбек жасалуы тиіс. «Осы мәселеге мемлекеттік комиссия көбірек көңіл бөлетін болса, Елбасының бағдарламасының жүзеге асырылуына көп үлесін қосар деген үміттеміз», — деді ол.

   Ұлттық  комиссия отырысында жазушы Светқали Нұржан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы  білімнің шығармашылық қырын  дамыту, яғни шығармашылықпен бала қиялын  арттыру керектігін, сөйтіп «толық адам» концепциясын іске асыру және жыраулар дәстүрін , Шалкиіз жырау оқуын  ұйымдастыру керектігін айтты.

   Ал тарих ғылымдары докторы, профессор Мәмбет Қойгелді Қазақстан тарихына жаңа көзқараспен қарау, алаш қозғалысы туралы шындықты айту, елдегі архив жүйесін зерттеушілерге қолжетімді ету, Мұстафа Шоқай есімін ұлықтау мәселелерін қозғады.

      Қ.Көшербаевтың айтуына қарағанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Үкіметтен бастап, жергілікті атқарушы органдарға берілетін тапсырмалар барын атап өтті. «Біз алдағы жұмыс жоспарымызды өте жинақы мақсатты әрі нысаналы түрде жүргізуіміз керек. Ол үшін жұмыс жоспарын үш бағытқа жіктеп отырмыз.

    Бірінші бағыт – тұлғалық даму бағыты. Бұл бағыттың ішіне білімнің салтанат құруы, прагматикалық құндылықтарды сіңіру, бәсекеге қабілеттілік сынды құндылықтарды жинақтап, адами капиталды арттыруға бағыттаймыз. Әсіресе, жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі керек.

     Екінші бағыт – ұлттық бірегейлікті сақтау. Бұл бағыт ұлттық құндылықтарды сақтау, ұлттық бірегейлікті халықаралық деңгейде көрсету сынды кешенді шараларды қамтиды.

   Үшінші бағыт – мемлекет пен қоғамның дамуы. Бұл бағыт елімізде революциялық даму емес, эволюциялық даму, сананың ашықтығы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асады. Бағдарламаны жүзеге асыруда науқаншылыққа жол бермеуіміз керек», — деді Мемлекеттік хатшы.

     — Бүгінгі таңдағы той — ұлттық салт-дәстүрдің салтанат құратын, ұрпақ ұлағат алатын, өнер, мәдениет, тәрбие көретін өнегелі шаралар болса дейміз. Біз Наурыз мерекесінің қарсаңында тұрмыз . Батыста көрісу деген жақсы дәстүр бар. Онда қыстыгүні ешкім ешқайда қатынай алмайды ғой. Қар ери бастағаннан кейін жер қарайғанда жастар жиналып, ақсақалдардың батасын алады. Осы себепті 14 наурызға таяу Амал мерекесін кеңінен атап, 22-24 наурызда Наурыз мерекесін тойлауға байланысты біз де өзіміздің ұсынысымызды береміз. Ұлттық дәстүрлерімізді елдің басын біріктіруге дұрыс пайдалануымыз керек», — деді Қырымбек Көшербаев кеңес отырысын қорытындылай отырып .

Селекторлық кеңес соңынан Атырау облысы  әкімінің бірінші орынбасары С.Ж.Шапкенов қатысушылармен  мәжіліс  өткізді. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы — кешенді түрде барлық идеологиялық жұмыстың негізі. Кеңесте  атап айтылғандай  жоспар үш  бағытта жүзеге асырылу керек. Сондықтан ол  бойынша  облыста бірқатар іс-шаралардың орындалуын  жақсартуды уақыт талап етуде. Атырауда да «Рухани жаңғыру» бойынша деректі фильмдер түсіріп, аймақтың  айтулы, тарихи  тұлғалары туралы слайдтар,  деректі  фильмдер, тағы басқа өнімдер шығаруды қолға алу керектігін облыс әкімінің бірінші  орынбасары тиісті  ұйымдарға міндеттеді.

Облыс кәсіпкерлерінің  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын  жүзеге асыруға қосар  үлесін арттыру  керектігін  де С.Шапкенов атап көрсетті.

Кеңестен кейін  «Рухани жаңғыру» өңірлік сараптамалық кеңесінің жаңа құрамы бекітілді. Осы сараптамалық кеңеске мүше болдым.  Кеңестің алғашқы  отырысы  өтіп,  алдағы міндеттер  мен жоспарлар талқыланды.

Е.Биғали,

Атырау инженерлік-гуманитарлық инстиуты баспасөз қызметінің өкілі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button