
Атырауда ревакцинация қараша айының соңында басталады
Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Ревакцинация — бұл вакцинацияның бірінші және екінші компонентінен кейін алатын доза. Яғни, сіз коронавирусқа қарсы екпенің алғашқы екі дозасын аласыз, содан кейін үшінші компонентін алуыңыз керек (иммунитетті нығайта түсу үшін). Бұл — ревакцинация деп аталады»,- делінген басқарма таратқан мәліметте.
Бүгінгі таңда елімізде коронавирусқа қарсы екпенің екі түрімен вакциналау жүруде: векторлық және инактивацияланған.
Вектор — «Спутник V», ал қалғандары белсенді емес. Векторлық вакцинаны алған адамдарға тоғыз айдан кейін белсенді емес, яғни Vero Cell немесе QazVac алу ұсынылады.
Ал кез-келген белсенді емес вакцинаны алғандарға алты айдан кейін «Спутник V» векторлық вакцинасы егіледі.