
Атырауда республикалық жұмысшы мамандықтары форумы өтуде
Мұнайлы өлкеде республикалық жұмысшы жастар форумы басталды. Жас буын өкілдері арасында жұмысшы мамандықтары мен техникалық салаларды насихаттау, тәжірибе алмасу, кәсіби даму деңгейін арттыруды мақсат еткен шараға еліміздің Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан 200-ге жуық жас қатысты. Форумның салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Серік Шәпкенов сөз алып, алқалы басқосудың маңыздылығына тоқталды.

–Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жұмысшы мамандықтары жылы болып белгіленуі бекер емес. Өйткені, ел экономикасын көркейтетін, дамытатын – жұмысшы мамандар. Қай кәсіпорыннң болмасын, басты капиталы – білікті, білімді жұмысшылар. Елімізде олардың мәртебесін арттыруға айрықша мән беріліп отыр. Президентіміз жұмысшы мамандарды құрметтеу үшін арнайы мемлекеттік наградаларды енгізген болатын.
Жұмысшы мамандықтарды даярлауға келетін болсақ, кәсіптік білім беру ұйымдарында гранттар саны өсіп келеді. Сондықтан экономикамызды дамытудың негізгі кілті жұмысшы-мамандарда болса, оның ерекшелігін жастар арасында насихаттау маңызды. Форумда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас буын өкілдері өздеріне қажетті құнды ақпараттар алады деген ойдамын. Өйткені, бұл басқосуда мамандық таңдауда неге мән беру қажет, әрбір саланың ерекшеліктері туралы айтылады. Қазір әлем қарқынды дамып келеді. Бұрын болған мамандықтардың кейбірі бүгінде нарықта жоқ. Демек заман көшінен қалмас үшін болашақты бүгіннен ойлауымыз қажет. Мәселен, көп қызмет түрін роботтар атқарады, — деді Серік Жамбылұлы.

Форум аясында қатысушылар жұмысшы қауымдастықтар мен кәсіподақтар өкілдері, жас мамандар және студент жастар бағыттары бойынша топтарға бөлінді. Оларға елімізге танымал спикерлер «Ұжымдағы корпоративтік рухты жетілдірудің әдістері», «Әлеуметтік қолдау: сұраныстар мен ұсыныстар», «Заманауи дағдылар және жұмысқа орналасу стратегиялары» тақырыптарында дәріс оқыды.

–Бүгінде жастар арасында мамандықты грант үшін таңдайтын тенденция қалыптасқан. Мектеп түлегінен болашақта кім боласың сұрасаңыз, «гранты бар мамандыққа түстім» деген пікір айтады. Кейін олар өмірде өз орнын таба алмай жатады. Шындығында, қазақстандық еңбек нарығында 150-ге жуық мамандық бар. Бұл жердегі басты мақсат – мамандықты дұрыс таңдай білу. Оны махаббатпен, сүйіспеншілікпен жасау маңызды. Мен үнемі қайталап айтамын, жаман мамандық жоқ, керісінше маман болуы мүмкін. Мамандықтың барлығы жақсы. Бірақ біз адамның бойына құндылықтарды, білімді сіңіре білсек дұрыс маман шығары анық. Өкінішке қарай, мен мектеп оқушыларымен кездескен кезде көбінің блогер, мобилограф болуды армандайтынын білдім. Әрине, ол да заманның талабы, сұранысы болар. Десек те көпшілігі жұмысшы мамандықтарға барғысы келмейтіні байқалады. Биыл жұмысшы мамандықтары жылы болып жариялануы сол олқылықтың орнын толтыруға бағытталса керек. Егер ол жастар арасына көбірек насихатталса, өсіп келе жатқан жас соған барады. Өткен жылдары Екібастұзда оқыс оқиға болған кезде біз мамандарды сырттан шақыруға мәжбүр болдық, — дейді форум спикерлерінің бірі, Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев.
«Golden Steppe Explorers» қоғамдық қоры жұмысшы мамандықтарын «Atyrau Faces» видеоконтенті арқылы насихаттауды қолға алып отыр. Бұл көрме өңірде өтіп жатқан республикалық жұмысшы жастар арасындағы форум аясында ресми түрде ашылды.
«Atyrau Faces»-те жастарға өндірісте, кәсіпорындарда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан жұмысшы мамандардың табысты оқиғалары насихатталады. Бұл жас буын өкілдеріне жұмысшы мамандықтарды игеруге және сол бойынша жұмыс жасауға үлгі, мотивация болып, олардың осы салаларға деген қызығушылығын арттырары сөзсіз. Өндіріс ошақтарындағы, кәсіпорындардағы жұмыс орнынан түсірілген видео, фото контент жұмысшы мамандықтардың маңызы туралы баяндап, кәсіпорындар мен өндіріс орындарындағы мүмкіндіктер мен артықшылықтарды көрсетеді. Жоба аясындағы контент жастардың бұл мамандықтарға деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді.
Жоба өңірдегі жастар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттауға бағытталған маңызды бастама. Оны жүзеге асыру өңірде қажетті кадрлық резервтер мен кәсіби құзіреттерді қалыптастыруға ықпал етіп, мұнайлы өлкенің экономикалық және әлеуметтік дамуына оң әсерін тигізеді.
Айбөпе САБЫРОВА
Cуреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ