Атырауда Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауына өтінім қабылдау басталды
Еліміздің барлық аймағын қамтыған «Қайырымдылық керуен» байқауы биыл да 1 қазаннан бастау алды. Байқауға өтініштер 30 желтоқсанға дейін қабылданады. Бұл туралы «Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Фатима Төлеева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
30 желтоқсанға дейін жалғасатын конкурс 7 аталым бойынша үздіктерді анықтамақ. Байқау ҚР Тұңғыш Президенті қорының, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының, «КТК» арнасының қолдауымен бесінші жыл қатарынан өтіп отыр.
— Бұл байқау атқарылып жатқан игі істерді, жанашыр жандарды, жақсы бастамаларды, мейірімділік пен гуманизм секілді құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Қайырымдылық байқауына әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлес қосатын және өзгелерді игі істермен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Өткен жылдары байқау бес номинация бойынша өтсе, биыл тағы да жаңа екі номинация қосылды. Алдыңғы жылдардағы байқауларда өңірден қатысқан номинаттар жүлделі орындармен оралды. Соңғы жылы байқауға облыстан 36 адам қатысты. Бұл көрсеткіштің артатынына сенімдімін, деді Ф.Төлеева.
Оның айтуынша, байқау лауреаттары жеті номинация бойынша анықталады. Яғни «Асар» — халықтың салт-дәстүрімен байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін тұлғаға берілсе, «Туған жер» — білім беру, экология, көркейту, мәдени объектілерді қалпына келтіру салаларында туған өлкеге көмек көрсететін тұлғаларға беріледі. Ал «Батыл жүрек» — ерлік пен қайсарлық үшін, «Мейірім жолында» — белгілі бір уақыт аралығында өтеусіз тұрақты көмек көрсеткендерге, «Қайырымдылық тарихы» — БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын ең жақсы қозғағаны, қоғамның назарын әлеуметтік мәселелерге аудартатын материалдардың жариялануы үшін журналистке және шығармашылық ұжымға тапсырылады. Сондай-ақ «Бала жүрегі» — төтенше жағдайларда адамдарды құтқарудағы ерлігі мен батылдығы үшін, қайырымдылық шараларына және еріктілер қозғалысына қатысқан 6 мен 18 жас аралығындағы лауреатқа, «Жануарға мейірім» — жануарлар құқықорғаушысы болып табылатын, оларды қамтитын, сонымен қатар жануарлар әлеміне қайырымдылық пен мейірімділікті насихаттайтын лауреатқа беріледі.
Айта кетейік, қатысуға өтінімдер 1 қазанынан 30 желтоқсанына дейінгі мерзімде karavan_dobroty@fnn.kz, электронды поштасына жіберу арқылы қабылданады.