Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда «Қыпшақ Қоңырдың» тұсауы кесілді

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде белгілі түркітанушы, мәдениет қайраткері, Мажарстан ғалымы Қоңыр Иштван Мандокидің 80 жылдығына арналған іс-шара өтті. Жиында ақын, жазушы Маржан Ершудің «Қыпшақ Қоңыр» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Қазақ-мадияр халықтарына ортақ тарихи тұлға жөнінде тың туындыны оқырмандарға таныстыру мақсатындағы іс-шараны университеттің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов ашты.
-Қоңыр Мандоки — сан қырлы тұлға, соның ішінде түркі халықтарының басын біріктіру үшін саналы ғұмырын ғылым және руханият жолына сарп еткен қайраткер, — деді ол.
Жиында Көптілді білім беру факультетінің деканы, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Меруерт Аманғазиева модератор болып, Қоңырдың қазақ халқымен рухани жақындығы, байланысы жөнінде әңгіме өрбітті.

Тұсаукесер рәсіміне ғалымның өмірлік жары, Атырау өңірінің тумасы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры Оңайша Мақсымқызы арнайы келіп, студент жастарды Қоңыр Мандоки секілді өз тіліне, тарихына, мәдениетіне құрметпен қарауға шақырды.
Кітап авторы Маржан Ершу қонақтарға бұл еңбекті жазуға қалай дайындалғандығы жөнінде айтып, Қоңыр өмірі мен шығармашылығына қатысты кейбір тың деректермен бөлісті.
Кітаптың лентасын Оңайша Мандоки, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов және п.ғ.д., Атырау облысының Құрметті азаматы Асхат Иманғалиев қиып, оқырмандарға үлестірді.
Басқосу соңында ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлы ғалымның жұбайы Оңайша Мақсымқызын Сұлтан Бейбарыс атындағы медальмен, Маржан Ершуды Махамбет атындағы медальмен марапаттады.
Қалың оқырманға арналған кітапты +7 707 766 75 40 телефон нөміріне хабарласып, сатып алуға болады.
Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button