Атырауда қаржыгерлер кәсіби мерекелерін тойлады
Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өңір қаржыгерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Салтанатты іс-шарада төл мереке иелерін облыс әкімінің атынан оның орынбасары Жасұлан Бисембиев құттықтап, мықты денсаулық пен толағай табыс тіледі.
-Қаржы саласындағы түрлі инспекциялар мен департаменттер, жоғары мемлекеттік органдармен қатар ауыл-аймақта орналасқан әр деңгейдегі мамандарға қатысты екенін білеміз. Әр ұжымда есепші бар. Бұл күннің елімізде мемлекеттік мереке ретінде тойланатыны да сондықтан. Өткен жылды қаржыгерлер жақсы көрсеткіштермен қорытындылады. 1993 жылы қабылданған ұлттық валютамызға биыл 31 жыл толып отыр. Демек, бүгін әрбір қазақстандық үшін де маңызды мереке деп білемін. Өйткені, ұлттық валютамыз қаржылық тепе-теңдік пен тәуелсіздігіміздің нышаны, — деді Жасұлан Орақұлы.
Салтанатты жиын барысында қаржы саласында ерекше еңбегімен елеулі жетістіктерге жеткен үздіктерге министрліктің, облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.
-Менің қаржы саласына келгеніме 5 жыл болды. Оған дейін 15 жылдай сот жүйесінде еңбек еттім. Бүгінде мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасында мониторингілеу және талдау бөлімінің басшысы болып жұмыс істеймін. Өзімнің апам осы салада қызмет еткендіктен, менің де қызығушылығым туындап мамандығымды өзгертейін деп шештім. Міне, осылайша, заңгерліктен қаржы саласына ауысып кеттім. Бір жағынан, өзім есеп-қисапты жақсы көремін әрі жақынмын. Оның үстіне, мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін ол алдына қойған мақсатты орындауы тиіс,- дейді Қаржы саласының үздігі Арайлым Басарова.
Айбөпе САБЫРОВА