Атырауда Қаршыға Ахмедияров атындағы көше ашылды
Бүгін Атырау қаласы «Балықшы» шағынауданында «Парасат» орденінің иегері, күйші-композитор Қаршыға Ахмедияровтың атына көше атауы қайта берілді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қазақтың күй өнерін дамытуға үлес қосқан дүлділ домбырашының атындағы көшенің ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов, Қаршыға Ахмедияровтың жары Нұрбике Жұмағалиева және еңбек ардагерлері қатысты.
— Баршаңызды күйді ұлықтап, күйшіні дәріптеген шексіз қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Қасиет қонған, кие дарыған күйші ағамыз домбырамен сырласып, қазақтың марқасқа ұл-қыздарын да, сайын даласын да, өзінің тебіренген ішкі сезім иірімдерін де күй қып төкті. Талай шәкіртті күй өнеріне баулып, өзі де аса дарынды домбырашы ретінде, халық ықыласына бөленді. Халықтың жадында, Қаршыға Ахмедияров қара домбыраға тіл бітірген, қазақтың хас талантты өнерпазы ретінде сақталады. Күйді ұмытпаған — күймен жазылған тарихын ұмытпайды. Оны қасиет тұтқан адам – киелі халқын қадірлейді. Бүгінгі шара осынымен қымбат әрі құнды, — деді С. Шәпкенов.
Жиында күйшінің жұбайы Нұрбике Жұмағалиева Қаршыға Ахмедияровты ұлықтап, атын өшірмеген халқына зор ілтипатын білдірді.
— Қаршығаның мәдениет саласына қосқан елеулі қызметін халық біледі. Көзі тірі кезінде құрметті марапаттарды иеленіп, қадірлі төрлерге де отырдық. Қазақтың күй мұрасына қосқан үлесін ұмыт қылмай, өскелең ұрпаққа насихат етіп жатқан Атырау жұртына ризашылығымды білдіремін, — деді Н.Жұмағалиева.
Қаршыға Ахмедияров — 1946 жылы 25 наурызда Атырау облысы Махамбет ауданы Таңдай ауылында дүниеге келген. Ол Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, сазгер-домбырашы. 2010 жылы күйшінің есімі «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинағына 30-ға тарта сирек орындалатын күйді орындаушы ретінде енді. Қаршыға Ахмедияров 2010 жылы өмірден өтті.