Атырауда Президенттік шыршаның шамы жағылды
Бүгін Атырау қаласында Абай атындағы оқушылар орталығында облыстың әр түкпірінен келген балаларға арналған Президенттің жаңажылдық шыршасы өтті.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, балаларға мерекелік құттықтау лебізін білдірді.
— Әр бала — елдің болашағы. Сондықтан сіздер қазірден-ақ сапалы білім алып, жан-жақты дамуларыңыз керек. Дендеріңіз сау болып, алға қойған мақсаттарыңыз бен армандарыңызға жете беріңіздер, — деді Жасұлан Орақұлы.
Мерекелік кеш барысында жаңа жылдың басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар ортаға шығып, мерекеге сай әдемі безендірілген шыршаның шырағын жаққызды. Жасыл шырша жанында көңілді шарлар, ұлу, спанч Боб, Патрик, Скидвард, қоян, Олаф, жалмауыз кемпір секілді ертегі кейіпкерлері ұлудың туған күні кешіне жиналып, мерекелік кештің көркін қыздырды.
Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев әр балаға Президенттің атынан дайындалған 100 мың теңгенің сертификатын және тәтті сыйлықтарды салтанатты жағдайда табыс етті. Кешке қатысқан балалардың көңіл-күйі көтеріңкі. Бәрі ертегі кейіпкерлерімен бірге би билеп, ойындар ойнады.
-Жаңажылдық шыршаға жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, халықаралық және республикалық олимпиадалардың, шығармашылық, спорттық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздары, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен жазатайым оқиғаларда ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батырлары қатарынан орын алған 7-13 жастағы барлығы 300 оқушы қатысты. Оның ішінде 30 бала Атырау қаласының мектептерінен, 156-сы аудандардан, 114-і облыстық білім беру ұйымдарынан қамтылып отыр. Биылғы жаңажылдық ертеңгілік жылдағыдан ерекше форматта ұйымдастырылды. Қойылымды Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының актерлары сомдауда. Шыршаны ұйымдастыруда балалардың барлық қауіпсіздігі үшін қажетті шаралар да жан-жақты қолға алынды.
Биылғы тағы бір ерекшелік, мерекелік кештен кейін оқушылар кинотеатрға барады. Сондай-ақ облыс бойынша бес оқушы 29 желтоқсанда Астана қаласында өтетін Президент шыршасына қатысады, — деді облыстық білім беру басқармасының бас маманы Карима Бөкенова.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ