
Атырауда Президент кеңесшісі облыс активімен кездесті
Бүгін Атырау қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен облыс активінің кеңейтілген отырысы өтті.

Кездесуді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жүргізіп, Мемлекет басшысының ІV Ұлттық Құрылтайда жүктеген тапсырмаларының өңірде жүзеге асырылу барысы туралы жан-жақты баяндады.
Жиын барысында әлеуметтік инфрақұрылым, тұрғын үймен қамту, жол және газ желілерін жаңғырту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және жұмыс орындарын ашу бағытында атқарылып жатқан ірі жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, биыл облыста жалпы есеппен 2 597 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, өткен жылы 4 әлеуметтік нысан құрылысы қолданысқа берілді.

Кездесуге қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар, қала, аудан әкімдері, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Жиын соңында Ұлттық Құрылтай мүшесі, еңбек ардагері Максим Ізбасов, Қоғамдық кеңес төрағасы Берікқали Сәрсенғалиев және облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин өз ұсыныстарын ортаға салып, биылғы Жұмысшы мамандықтар жылының маңыздылығын да атап айтты.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – ел экономикасының дамуына тікелей әсер ететін кәсіби мамандарға көрсетілген ерекше құрмет. Жұмысшы мамандықтары – өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы маңызды буын. Осы салаларды заманауи технологиялармен ұштасқан инновациялық салаға айналдыру – бүгінгі күннің басты мақсаты, — деді М.Ізбасов.
Кездесуді қорытындылаған Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының реформалары мен ұлттық бастамалары өңірлерде сәтті жүзеге асып жатқанын атап өтіп, Атырау облысының даму қарқынына оң бағасын берді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ