Атырауда полимер өнімдерінің ішкі нарығын дамытуға арналған «QazPolymers — 2022» тұңғыш отандық форумы өтті
Шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» Басқарма төрағасы Данияр Тиесов қатысты.
Форумда сөз сөйлеген Серік Шәпкенов Атырау облысында якорлы жобаларды жүзеге асыру инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция мен соңғы технологияларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететінін айтып, оған әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында біріктірілген газ-химия кешенін іске қосты. Бұл мұнай-химия саласының «алғашқы қарлығашы» десек артық емес. Еліміздегі әр саланың мамандары алғаш рет «QazPolymers — 2022» тұңғыш отандық форумында тоғысты. Сондықтан баршамыз біріккен түрде полипропиленнен шыққан өнімді түрлі салада қолдануға, оны дамытуға мүмкіндік беретін жобаны жүзеге асыруымыз қажет. Әкімдік тарапынан арнайы экономикалық аймақта якорлы жобаларды жүзеге асыру жалғасып, қажетті қолдау көрсетіледі. Осылайша барлығымыздың біріккен күшіміздің арқасында әлі талай үлкен жобаларды іске асыратынымызға сенемін. Сонымен қоса полипропиленнен өнім шығарумен айналысушы кәсіпкерлерді «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ өнім өндіруші ретінде қолдайтын, әкімдік жер беріп, инфраструктура істеп беретін, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жеңілдік жасайтын бағдарлама жасақтауымыз қажет деп ойлаймын,- деді С.Шәпкенов.
«QazPolymers — 2022» тұңғыш отандық форумына Ресей Федерациясынан, еліміздің әр облысынан полимерден өнім (бұйым) шығаратын 100-ге жуық компания өкілі қатысты.
«QazPolymers — 2022» тұңғыш отандық форумы аясында облыс әкімі Серік Шәпкенов пен «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» Басқарма төрағасы Данияр Тиесов елімізде мұнай-химия өнеркәсібін қолдау және дамыту шеңберінде Ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.