Атырауда патрульдік полиция қызметкерлері жолда тұрып қалған 80-нен астам автокөлікке көмек берген
Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 7 ақпан күні сағат 7:30-19:30 аралығында қалың қар жауған қала көшелеріндегі кептелістерді реттеу және автокөлік тізбектерінің орын алуын болдырмау мақсатында қызмет көрсетті.
Қала аумағындағы 24 көше қиылыстарында және ауа райының қолайсыздығына байланысты істен шыққан бағдаршам орналасқан көше қиылыстарында патрульдік полиция қызметкерлері үздіксіз жол қозғалысын реттеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, қала аумағында қар құрсауында қалған және көлігі істен шыққан 80-нен астам автокөлік жүргізушілеріне көмек көрсетілді.
7 ақпан күні Атырау қаласы аумағында 24 жол-көлік оқиғасы орын алды, 2 адам жедел-жәрдем көмегімен ауруханаға жеткізілді.
— Бүгін қала аумағында қалың қар түсуіне байланысты Атырау қаласы полиция басқармасының қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет етті. Атап айтар болсақ, жол қозғалысында келеңсіздіктер туындамас үшін жол қиылыстарында қозғалысты үздіксіз реттеу, көлігі жол бойында істен шыққан көліктерге көмекке беру және егде жастағы қарияларды жаяу жүргізбей баратын жеріне жеткізу де назарда болды — дейді, Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі полиция капитаны Дәурен Насиполла.