Атырауда «Отбасы-тәрбие бастауы» атты ата-аналар жиыны өтті
Н.Тілендиев атындағы мамандырылған мектеп- гимназиясында Атырау облысының білім беру басқармасы мен «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Отбасы-тәрбие бастауы» атты ата- аналар жиналысы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиналысқа ата-аналар, облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасова, «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нүркен Асанов және осы ұйымның төрайымы Жансая Исмағұлова, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Омар Жәлелұлы қатысты.
Жиынға қатысушы ата-аналар «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізгі мақсатын және бүгінге дейін атқарған жұмыстарымен танысты.
- Біздің мақсат – әрбір ата-ананы жақсы орта тәрбиелеуге біріктіру. Бала мен ата-ана арасында тығыз әрі шынайы қарым-қатынас болуы қажет. Әрбір ата-ана қоғамды жақсартуға үлес қосқан кезде ғана тәрбиелі орта қалыптасады, деді Нүркен Асанов.
Шара барасында қоғамда ата-ана сауаттылығын арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, сондай-ақ өңіріміздің орта мектеп оқушыларының арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, тәртіп пен тәрбие мәселелері талқыланды.
Айта кетейік Атырау облысының мектептерінде 17-21 қазан аралағында ата-аналар жиналысы өтеді. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев ата-аналарды жиналысқа белсенді қатысуға шақырды.