Атырауда орыс сыныптарына педагог – мамандар тапшы
«Бұл туралы Атырау қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Аманбай Хұсынов онлайн брифингте айтты» деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Атырау қаласы бойынша, білім бөлімдеріне биылғы жылы 413 педагог-маманға деген қажеттілік туындап отыр. Оның ішінде, орыс сыныптары және орыс топтарына 331 маман қажет.
Бастауыш сыныптарының өзіне жүзге жуық педагог қажет болса, математика және орыс сыныптарына беретін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары.
Мектепке дейінгі білім беретін ұйымдарда қазақ тобына – 58, орыс топтарына – 28 педагог маманға сұраныс түсіп отыр» деп атап өтті спикер Аманбай Хұсынов. Атап өту керек, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген 19 жас маман биыл Атырау қаласы бойынша мектептерге жұмысқа орналасқан.
«Сонымен бірге, салаға 21 жас маманды тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде, 10 маман орыс сыныптарына бөлінеді» деп нақтылады Атырау қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Аманбай Хұсынов.