ЕЛДІҢ АТЫН ЕР ШЫҒАРАДЫ

Кеше Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында кәсіби Спорт күні мерекесіне орай кеш ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамытуды көздеген шараға облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, елдің абыройын асқақтатып, көк Туымызды  қалықтатып, Әнұранымызды шарықтатып жүрген спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын мерекемен құттықтады.

– Кез келген адам өз кәсібінің биік шыңына жетуге ұмтылады. Өзге салалар секілді спорт та – үлкен әлем, мамандық. Әлемді мойындатқан мықты спортшылардың аты тіпті Президенттердің есімдерімен қатар аталып жатады. Олардың танымалдылығы кез келген саясаткерден, Нобель сыйлығының иегерлерінен кем түспейді. Сондықтан, спорт тек қана адам тәнінің қажеттілігін өтеу үшін емес, елдің беделін арттыру, өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтының маңыздылығын насихаттау үшін қажет. Жалпы, спорт тұрақтылықты жақсы көреді. Бір бала бір секцияға үнемі қатысып жүрсе, одан нәтиже шығары сөзсіз. Осы орайда, жаттықтырушыларға да жүктелер міндет зор, – деп Шыңғыс Жұмабекұлы атыраулық спортшылардың алда күтіп тұрған додаларда топ жаратынына, үлкен жеңістерге қол жеткізетініне сенім білдірді. 

Бұдан кейін марапаттауға кезек берілді. Өңірде спорт саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген бір топ азамат, спорт жанашырлары А.Рахманов, «Мүгедектер спорт клубының» отырып ойнау волейболы командасы, Б.Нұғыманов, Т.Балғынбаев және т.б. облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, Ш.Мұқан облыстық мәслихат хатшысының Алғыс хатын М.Жанғалиевке, Б.Нұрсұлтановқа, Д.Шәріпбаевқа, Б.Шеркешбаеваға, Е.Ихсановқа, С.Сартаевқа табыс етті. Елімізде спортты дамытуға үлесін қосқан Бекім Жайсаңбаев, Табылды Жолмағамбетов, Болат Теміровтер «Құрмет» белгісіне ие болды.

Ал, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің «ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы» төсбелгісімен самбодан әлем чемпионы, білікті бапкер Аманбай Қыздарбаев, панкратионнан Қазақстан ұлттық федерациясының президенті Сағындық Мекеев марапатталды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары агенттіктің «Құрмет грамотасымен» Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатовты, Алғыс хатпен Қызылқоға ауданының Жаңашаруа орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Ізімқұл Шойынды марапаттады.

Салтанатты шара барысында сөз алған облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Ермұханов та әріптестерін мерекемен құттықтап, жыл өткен сайын Атырау спорты дамып келе жатқандығын айта келе, облыс, ел қоржынын медальдармен толықтырған спортшылардың есімдерін атап, қол жеткен жетістіктерге тоқталды. Өңірде кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға атсалысып жүрген ардагерлерге, спортшыларға, жаттықтырушыларға, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Алғыс хат тапсырды.

            Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз