Атырауда өңірлік кадр резерві мүшелеріне арналған семинар өтуде
Атырау қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасымен «Өңірлік кадр резерві мүшелерін оқыту» атты екі күндік семинар өтуде. Бұл семинар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалында ұйымдастырылды.
Семинардың мақсаты — мемлекеттік қызметтің жаңа ұрпағын қалыптастыру, жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіріп, өңірлік басқару жүйесін тиімді дамытуға бағытталған білім мен тәжірибе беру. Семинар барысында мемлекеттік басқарудың заманауи әдістері, стратегиялық жоспарлау, бюджеттеу және өзгерістерді басқару сияқты маңызды тақырыптар қарастырылуда.
Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы «Өзгерістер процесінің көшбасшысы» тақырыбында дәріс оқып, өзгерістерді басқаруда көшбасшылықтың маңыздылығын атап өтті.
Құрманғазы ауданы Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Мақсотов мемлекеттік қызметтегі өзгерістер мен жаңа тәсілдерге бейімделудің маңыздылығын атап өтіп, пандемия кезіндегі онлайн форматтағы жұмыстарды мысалға келтірді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Қуаныш және Атырау облысы Экономика және қаржы басқармасы Мемлекеттік басқару, құқық, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында жоспарлау бөлімінің инспекторы Үздік Шаймарова өз салалары бойынша дәрістер өткізеді, резервшілерге мемлекеттік басқарудың тиімді тәсілдері мен тәжірибелерін таныстырмақ.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаровтың айтуынша, резервшілерді оқыту бағдарламасы өңірлік басқаруды тиімді жүргізуге бағытталған. Ол өз сөзінде: «Бұл бастама өңірлік басқаруда жаңа толқынның пайда болуына алғашқы қадам»,-деп атап өтті.
Семинар мемлекеттік басқару саласындағы жастардың біліктілігін арттыруды мақсат етіп, өңірлік кадр резервінің болашақта үлкен нәтижелерге жететініне сенім ұялатты.
Жайна МӘЛІМҚОЖА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ